Хабар телеарнасы

Қатонқарағай тұрғындары отынға зәру

Олар: «Тіпті шіріп жатқан бұтаққа саусағымыздың ұшын да тигізе алмаймыз», - дейді. Олай еткен жағдайда айппұл арқалайды. Әбден қажыған жұрт салалық органдар осы мәселеге назар аударса деген ниеттерін жеткізді.

Тілеужан Нұрғалиева – Қабырға ауылының тұрғыны. Отын мәселесін көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болды. Айтуынша, өзге ауылдарға 3-4 кубтан отын босатылса, бұл ауылға екі-ақ куб ағаш бұйырады. Бұл жіңішке болса алты түп қайың, жуанынан тисе одан да аз. Соны қыс біткенше әупірімдеп жеткізу керек. Өзге амал жоқ.

Тілеужан Нұрғалиева, Қабырға ауылының тұрғыны:

- Қазір тоғайға кірсеңіздер, жел жыққан шіріген ағаштан аяқ алып жүргісіз. «Осы ағаштарды алайықшы, беріңіздерші», - десек: «Рұқсат жоқ», - дейді.

Айтпақшы, ауылдықтардың қоршау-қашалары мен қоралары да шіріп, әрең тұр. Жаңартуға материал берілмейді. Тіпті кәделік ағашты сатып алайық десе де рұқсат жоқ.

Мұндағылар берген отын жетпесе, көмір жағыңдар деген жауапты жиі естиді. Алайда үйдегі пештер көмірге жарамайды. Оның үстіне шалғайдағы ауылға жеткенше қара отынның бағасын қабырғалықтардың қалтасы көтермейді.

Гүлшат Ескендірованың жағдайы бұдан да қиын. Жұбайы өткен жылы дәл осы отынның әлегімен жүріп, аттан құлап мертігіп, көз жұмған. Содан бері бес балаға жалғыз қарап келеді. Қазір баспанасының сөгілген іргесін ағашпен бекіте алмай отыр. Қыста аңырап кетеді. «Әсіресе екі кішкене бүлдіршінге обал», - дейді ол.

Гүлшат Ескендірова, Қабырға ауылының тұрғыны:

- Мен осы жаққа көшіп келгеніме 8 жыл болды, екі-ақ куб береді. Жемісті теріп алып, оны сатып, балаларға дәптер, қалам алайық десек: «Билет алыңдар», - дейді. Өз ауылымыздың жанындағы көкбаяу, қарақат, жидекке шыға алмаймыз.

Орманды біз де аралап, таңғалдық. Аяқ астында шіріп, құлаған ағаштан көп нәрсе жоқ.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Тұрғындар айтса айтқандай, расымен де, орман іші кепкен, сынған, қураған ағашқа лық толып жатыр. Әсіресе қайың таптырмайтын отын көрінеді. Өйткені қызуы көмірмен тепе-тең екен. Алайда ауыл жұрты осы таяқ тастам жердегі ағашқа зар болып отыр.

Қатонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері: «Тек белгіленген ережеге сай жұмыс істеуге мәжбүрміз», - дейді. Сынған, шіріген ағаштар бір жыл бұрын толық зерттелуі тиіс екен. Ал салалық министрлік: «Тұрғындардың арыз-шағымын ескереміз», - деді. Енді жарамсыз ағаштар мен отын көлеміне байланысты мән-жайды анықтау үшін Қатонқарағай Ұлттық паркіне арнайы комиссия аттанды.

Ринат Нұрғазин, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

- Бізге тиісті материалдар жолдасын, соған сәйкес тапсырма береміз. Алған материалдарды қарап, қорытынды жасаймыз. Қажет болған жағдайда оны бекітіп беріп, ары қарай кесуге рұқсат береміз.

Жергілікті жұрт табиғатқа қисынсыз қиянат жасауға қарсы. Дегенмен орманның ортасында отыннан тарықпайтын жағдай жасалса деген үмітте.

Айта кеткен жөн, өткен жылы Қатонқарағайда халық қажеттілігіне 600 текше метр ағаш босатылыпты.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов