Хабар телеарнасы

Павлодарда мұнайшылар арасында өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды

Мұнайшылар төрт аталым бойынша сынға түсіп, естен кетпес әсер алды, тәжірибе жинады. Магистральдық мұнай құбырының ұлттық операторы үшін бұл – ең мықты тәжірибе алмасу және кәсіби біліктілікті арттыру алаңы.

2003 жылы конкурс әлемдік аренаға шықты. Халықаралық мұнай тасымалдаушылар қауымдастығының ең ірі мүшелері де аталған байқауға талай рет қатысқан.

Бұл дәстүрлі байқау болғанымен, көптеген мұнайқұбыршы маман оған алғаш рет қатысып жатыр. «Біз үшін ең бастысы – жеңіс емес, кәсіби өрлеу бағытындағы тәжірибе жинау», - дейді қатысушылар.

Самат Нығыметов, жарыс жеңімпазы:

- Өз білімімізді, атқарып жатқан жұмысымызды келешек жастарға үйретуге дайынбыз.

Сала мамандары мұнай құбырының үздіксіз жұмыс істеуін осылай қамтамасыз етеді. Олар үшін жұмыс үдерісін еш баяулатпауы тиіс. Теория бойынша бәрі қолмен қойғандай болғанымен, іс жүзінде бір секундқа да кешігуге болмайды.

Сәбит Арынов, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

- Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дегендей, ең үздік мамандарымызды таңдап, ары қарай халықаралық байқауға дайындаймыз. Мұндай байқаулар қызметкерлерге өте жақсы әсер етеді. Бір-бірімен танысады, тәжірибе алмасады. Байқау жеңімпаздарының лауазымын өсіруге үлкен әсері бар. 

«Үздік маман» байқауы әр қатысушының кәсіби тұрғыдан өсуіне зор мүмкіндік береді. Өйткені кіл мықтылар осы конкурс барысында анықталады.

Рысбек Сәрсенғалиев, жарыс жеңімпазы:

- Басында толқу болды, әрине. Оның бәрін жеңіп шықтық. Білмегенімді үйрендім.

Еліміздің бес жарым мыңдай шақырымға созылып жатқан мұнай артериясының тағдыры осы жұмысшылардың қолында. Олардың қажырлы еңбегі қандай мақтау, мадақтауға да лайық. Ал байқау шеберлікті шыңдауға ашылған даңғыл жол іспетті.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Ербол Әбішев, Самат Оспанов