Хабар телеарнасы

Үшарал әуежайы 1 тамыз жұмысын бастайды

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Үшарал әуежайының ұшу-қону алаңының ұзындығы 2 700 метрге дейін ұзартылды. Бұрын ол 2,5 шақырым болатын. Ал ені 45 метр. Бұл халықаралық стандарттарға сай және әуежайдың үлкен әуе кемелерін қабылдауына мүмкіндік береді. Қазір мұнда жаңа нысанды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Әуежайдың ұшу-қону жолағын тексеру жұмыстарын еліміздің авиациялық әкімшілігі жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 9,5 млрд. теңге. Жолақты күрделі жөндеуден өткізуге қажет қаржы Ұлттық қор мен жартылай жергілікті бюджеттен бөлінген.

Мәди Әліпбаев, Жетісу облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы:

- Негізгі бетон жұмыстары бітті. Одан бөлек периметрді қоршау жұмыстары аяқталып қалды. Осы 1-2 күннің ішінде бітеді. Жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бейнекамераларды орнату, сингалдық құрылғыларды орнату жұмыстары алдағы күндері жүргізіледі.

Әзірге Үшарал әуежайы түнде ұшақ қабылдай алмайды. Сол себепті әуе рейстері күндізгі уақытта жүзеге асырылады. Бұл – туристік маусымды жақсы нәтижемен қорытындылау мақсатында ұйымдастырылып жатқан шара. Сертификаттау жұмыстары бірер күнде аяқталады. Комиссия қортындысына сәйкес, «Жетісу» әуе компаниясы енді ұшақтарды ұшырып, қабылдауға рұқсат алуы тиіс. 

Қалтай Дөңсебаев, «Жетісу» әуе компаниясының президенті:

- Қазіргі жоспар бойынша Алматыдан күніне 4 рейс, Талдықорғаннан 6 рейс, Нұр-Сұлтаннан 2 рейс ұшуы керек. Сондай жоспар бар. Әуежай жұмыс істеуге дайын. Мамандардың сертификаттары бар. Ұшақтар 1 тамыздан бастап қатынайды.

Мұндағы құрылыс жұмыстары қараша айында толығымен аяқталады. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі комиссия құрып, онда қайта сертификаттау жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін барып қана Үшарал әуежайы түнгі мезгілде де ұшақтарды қабылдай алады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина