Хабар телеарнасы

СҚО-дағы жұрт экологиялық таза көкөніссіз қалуы мүмкін

Ал оны заң бойынша ұзарту мүмкін болмай тұр. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты енді бір адамға тек бір гектар ғана жер үлестіріледі. 

Бір кездері жарамсыз болып қалған бақ бес жылдан соң қайта жайқалды. Евгений Золоторев ол үшін қаладан туған ауылына арнайы көшіп барған. Солтүстіктіктің климатын ескерген азамат істің көзін тапты. Көрші елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, көкөністерін тамшылатып суғаруға көшкен.  

Евгений Золотарёв, кәсіпкер:

- Орынборға барып, тың технологиялармен таныстым. Дәнді еккен соң, оны арнайы пленкамен жауып тастаймыз. Мәселен, далада 10 градус болса, ал оның тамыры 25-30 градус болады. Нәтижесінде, қырыққабат 2-3 аптаға тез піседі.

Евгений 5 гектар алқапқа қырыққабат еккен. Бұдан бөлек картоп, бұрыш, баялды, тіпті қарбыз да бар. Бірақ отбасылық бизнес құрдымға кеткелі тұр.  

Евгений Золотарёв, кәсіпкер:

- Биыл менің жерді жалға алу мерзімім аяқталады. Тағы да ұзартайын деп едім, мүмкін болмай тұр. Яғни жаңа заңнамаға сәйкес, бір адамға енді тек бір ғана гектардан беріледі екен.

Мәселе шешілмесе, кәсіпкер жұмысшылардың санын қысқартады. Оның үстіне ірі супермаркеттермен жасалған келісімшарт та бұзылуы мүмкін. Ал жауаптылар бұл сұрақты бақылауларына алатындарын жеткізді.

Азамат Қыраубаев, Булаев қаласының әкімі:

- Біздің ауданда қырыққабат, картоп, қияр сияқты көкөністерді өсірумен айналысатын жалғыз кәсіпкер. Сондықтан бұл мәселені оң шешуге тырысамыз. Яғни бұл отбасылық бизнес болғандықтан, жерді отбасы мүшелеріне әр гектардан бөліп беретін боламыз.

Қазір Евгений жылыжаймен бірге көкөніс сақтау қоймасын тұрғызып жатыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов