Хабар телеарнасы

Фермер Сыдық Дәулет: Құрғақ түйе сүтіне Германия ғалымдары қызығушылық танытып отыр

Оны 2001 жылы Сыдық Дәулет құрған. Қазір шаруашылық тәулігіне 6 тонна шұбат және 500 келі құрғақ түйе сүтін өндіреді. Осы құрғақ түйе сүтіне Германия ғалымдары да қызығушылық танытып отыр.

Сыдық Дәулет өз кәсібін осыдан 21 жыл бұрын жалғыз түйенің шұбатын сатудан бастаған. Ерінбей, еңбек етіп, тапқан пайдасына 50 бота сатып алады.  Ал қазір оның шаруашылығында 5 мың бас түйе бар. Мұнда 200 адам еңбек етеді. Жалақыларын уақытылы алып тұрады. Мың жарым бас түйе күніне екі рет сауылады.

Сыдық Дәулет, фермер:

- Қазір екі жылдан бері арнайы құрылғымен сауамыз. Бір сауғанда 4-5 литр түйе сүтін аламыз. Күнде екі мезгіл сауамыз. Сонда орташа есеппен әр түйеден 10 литр сүт сауылады.

Гүлжамал Әуезмұратова, түйе шаруашылығының жұмысшысы:

- Жиырма жылдан астам уақыт қолмен сауылды, енді екі-үш жылдан бері арнайы құрылғымен сауылып жатыр. Бізге де ыңғайлы.

Негізгі өнім – ол түйенің шұбаты. 2009 жылы фермер шұбат жасайтын зауыт ашады. Ал былтыр құрғақ түйе сүтін шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Құрғат сүтті сақтау әрі тасымалдау оңай. Израильдік технологияның арқасында пайдалы қасиеттері сол күйі сақталады. Қазір емдік қасиеті мол өнім республикадан бөлек, шетелге де сатылып жатыр.

Сыдық Дәулет, фермер:

- Екі жылдай болды көрші Қытай мемлекетіне 50-60% экспорттаймыз. Оның ішінде үлкен қалалары Пекинге, Шанхайға барады. Жақында Дубаймен келісімшартқа отырдық. Күні кеше Германиядан, Еуропадан көптеген қызығушылық танытып, қазір сол Еуроодаққа шығарсақ деген ой бар.

Түйе сүтінің емдік қасиеттерін ата-бабамыз ежелден білген. Ол адамның иммунитетін күшейтеді. Ал жуырда қытайлық ғалымдар түйе ағзасында әртүрлі ауруларды анықтап, емдеуге көмектесетін антиденелерді тапқан. Түйенің иммунитеті минут сайын өзгеріп тұрады екен. Ата-әжелеріміз түйе сүтін асқазан, туберкулез бен онкологиялық ауруларға қарсы қолданып тұрған.

Сыдық Дәулет, фермер:

- Түйенің болашағы үлкен. Қазір 5000 түйе ұстап отырған болсақ, алдағы екі-үш жылда экспорттың арқасында 15 мыңға жеткіземіз деп отырмыз.

Атакәсіптен нәсібін тапқан Сыдық Дәулет мал саны артқан соң арнайы кластер құруды жоспарлап отыр. Яғни түйе еті мен жүнін өңдейтін зауыт салынады. «Мақсат айқын болса, табысқа жету де жеңіл болады», – дейді фермер.   

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Қарлығаш Меңаяқова