Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында жаңа асфальт жамылғысы ыдырап жатыр

«Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» бағытындағы жолды ағымдағы жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 200 млн теңге бөлінген. Бірақ жұмыс сапасы көлік жүргізушілерінің көңілінен шықпай отыр.

Ұзақ Едігеев «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» жолының жағдайын жақсы біледі. Облыс орталығы мен Байғанин ауданы арасында күн сайын жолаушылар тасымалдайтын ол осы жолдың сай-саласын жаттап алған. Бір ай бұрын жөндеу басталып, шұрық-тесігі жамалғанда қатты қуанған еді. 

Ұзақ Едігеев, Байғанин ауданының тұрғыны: 

- Бұрын жақсы еді, қазір құртылды. Жасауын жасап жатыр. Міне, биыл жасаған жер. Кеше ғана құртып кетті.

Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 174 шақырым. Облыс орталығынан бастап алты ауылдың үстімен өтіп, «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» республикалық маңыздағы дәлізге қосылады. Бірақ соңғы жылдары көбейген көлік ағынына шыдас бермей, әр жерден тесік пайда болған. Салдарынан қазір жыл сайын күтіп ұстауға бөлінетін 110 млн теңге көлеміндегі қаржы жолдың жағдайын қалыпты сақтауға жеткіліксіздігін көрсеткен. Сондықтан биыл қосымша тағы 200 млн қарастырылып, ағымдағы жөндеу жүргізу қолға алынған. Алайда төселген асфальт жамылғысы кей жерлерде бір апта өтпей, қайта ыдырай бастапты. 

Жауапты басқарма өкілдері жолды жөндеу өзекті мәселеге айнала бастағанын мойындап отыр. Айтуларынша, бұған негізінен екі жағдай себеп болды. Алғашқысы, Ақтөбе мен Қандыағаш арасындағы жолдың жаңартылып жатқанына байланысты ауыр жүк көліктері де осы дәлізбен өтетін болды. Ал екіншіден – көктемгі су тасқыны. Қырдан келген топан су облыстық маңыздағы жолдың 10 учаскесін шайып кеткен. Нәтижесінде тексеру кезінде 29 мың шаршы метр жерде жөндеу жүргізу жоспарланған.

Рүстем Төреғалиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда 13 мың шаршы метр жол жөнделді. Соның біз 6 мың шаршы метрін қабылдадық. Себебі қалған жөндеу учаскесінде ақаулар пайда болып,  анықталып жатыр. Оның барлығы мердігер мекеменің кепілдік мерзімі аясында қайтадан қалпына келтірілетін болады. 

Ал мердігер компания басшысының өз айтары бар. Жолды сапалы жөндеу үшін жобада көрсетілгендей, 10 см қиыршық тас, 5 см асфальт төсеу жеткіліксіз. Сол себепті жасалған учаскелер көп ұзамай-ақ қайта бұзыла бастайды.

Сүлеймен Ахметбек, мердігер компанияның басшысы:

- Жолдың асты балшыққа бөгіп тұр. Сондықтан оның астын дұрыстамай, бетін дұрыстауға келмейді. Сосын техникалық бақылау да қаралмаған. Қазір мойныма алған аманат болғаннан кейін, оған қиянат жасай алмаймын. Жасап, абыроймен шығуға ниеттеніп отырмын.

Қалай болғанда да биыл жоспарланған жұмыс толық аяқталмақ. Бірақ жауапты мекеме өкілдері де, жолаушылар да мұнымен мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан келер жылы осы бағытты толық жаңарту үшін сметалық құжат әзірленбек. Ал өңір бойынша биыл 643 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев