Хабар телеарнасы

Шетелден келген 80-нен астам қазақ баласы Ақмола облысындағы жазғы лагерьлерде бас қосты

Олар осы жерде тіл үйреніп, салт-дәстүрлермен танысуға мүмкіндік алмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалардың көпшілігі болашақта Қазақстанға көшуге ниет білдірген.  

13 жастағы ресейлік Самира мен 15 жастағы Өзбекстан азаматы Жандостың Қазақстанға алғаш келуі. Олар табиғаты тамаша Бурабайдағы демалысты естен кетпес естелік деп есептейді. Ата-бабаларының жеріне келгендегі толқыныстарын да жасырмайды. «Қазақ мәдениетімен кеңінен танысу барысында ерекше әсерге бөлендік», – дейді жеткіншектер.

Самира Сұлтанова, оқушы /Ресей/:

- Әртүрлі елден келсек те, ұлтымыз бір, барлығымыз қазақпыз. Маған олармен ортақ тілде табысқан ұнайды. Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Атырау қалаларында болдым. Ерекше әсерге бөлендім.

Жандос Кәрібаев, оқушы /Өзбекстан/:

- Келешекте Қазақстанда тұруға ниетім бар. Болашақта мен де Қазақстан Республикасының азаматтығын аламын. Бұл жерде қазақи дәстүрлердің барлығы сақталған. Мысалы, киіз тоқу, садақ ату, атқа міну және т.б. Сол жағы маған ұнады.

Жазғы лагерьде балаларға қазақ тілі, робототехника, мобилография, кәсіпкерлік және жоспарлы басқару курстары оқытылады. Тіпті тарихи отанынан алыс тұрса да, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын меңгеріп алған балалар да бар екен. Лагерь басшылығының айтуынша, мұндай шаралар жастардың өзара байланысын нығайтып, ой-өрісін дамытуға сеп болады.

Дидар Болат, «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің кеңесшісі:

- Балалар домбыра тартып үйренеді, қазақ үйін тігеді, атқа мінеді. Әрине, 40 күн жетпейді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен танысады. Қазақша күрес болады. Қазақстандағы балалармен танысады. Бұлар – жалғыз этникалық қазақтар емес. Бұл жерде Қазақстанның жергілікті балалары да қатысады. Солармен достасады.  

Шетелдегі қандастарды қолдау шаралары мұнымен шектелмейді. Жыл сайын қазақстандық жоғарғы оқу орындарында өзге мемлекеттердегі этникалық қазақтардың білім алуы үшін 5 мың грант бөлініп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Аслан Абуталипов, Виктор Полянный