01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Алматыдағы 70-ке жуық үй тіршілік нәрінен тарығып отыр

  • Категория: Қоғам
Алматыдағы 70-ке жуық үй тіршілік нәрінен тарығып отыр

Көкшоқы шағын ауданына осыдан үш жыл бұрын жергілікті билік су құбырын тартып берген.

Бірақ ауызсу жүйесі әлі күнге дейін іске қосылмаған. Таудың етегіндегі жұрт кезінде өздері тартқан бұлақ суын тұтынуға мәжбүр. Оның өзін орманшылармен бөлісе алмай, күнде жанжал.

Гүлжанат Нұрғалиева, қала тұрғыны:

- Бұл түнгі 02:00-ден бастап таңғы 07:00-ге дейін жинаған суым. Су тамшылап келеді. Осылай ыдыстарды қойып, толтырып аламын. 

Гүлжанат Нұрғалиеваның күнделікті тірлігі осы. Ол ғана емес, осындағы басқа адамдар да осылай түнімен су күзетіп шығады. Тұрғындардың айтуынша, мұнда бұрын су болған. Әкімдік құбырды жаңартамыз. Резервуар жасаймыз деп жаңа жоба ұсынған. Су жүйесін жаңалағанымен, іске қоса алмапты. Оны «Алматы су арнасы» МКК қабылдамай қойған.  

Мұхтар Наурызбаев, қала тұрғыны:

- Үкіметтің ақшаға жасаған су құбыры түкке жарамайтын болып шықты. Себебі оны «Алматы су арнасы» МКК қабылдамай отыр. Ол – жарамсыз. Жасаған адамдар тыңғылықты жасаған жоқ. Үкіметтің ақшасын далаға жіберіп, жарамсыз қылып салды. Енді соны жасаған адамдар түзей ма, басқалар түзей ма, соны білгіміз келеді.

Бақтығали Батырбаев, қала тұрғыны:

- Су құбырын жасағаннан кейін суымыз мүлдем келмей қалды. Әлі де су жоқ. Ол компания басқа жақта жұмыс істеп жүрген көрінеді. Біздің сұрап отырғанымыз, сол компания жасап берсін. Болмаса, ақшасын қайтарып, әкімшіліктен оң шешімін тауып беруді сұраймыз.

Жоба бойынша құбыр Іле Алатауы ұлттық паркіндегі бұлақтан тартылған. Қазір тау беткейіне салынған резервуар тұрғындар айтқандай, іші құртқа толып, жарамсыз болып тұр. Себебі ішіне су толмайды. Оған бұлақтағы суды жеткізу қиын. Ал тауда отырған орманшылар мен етекте отырған жұрт ол суды бөлісе алмай дал.

Қанат Дүйсенов, «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманшысы: 

- Көкшоқы ауылдармен күнде талас, жанжал болып жатыр. Оларға су берсек, біз сусыз қаламыз. Алғашқы кезден бастап әкімдікпен қарсы болдық. Өйткені бұл – бастаудың суы. Ол су күн ысығанда азаяды. Соған қарамастан әкімдіктегілер жобаны жүзеге асырып, суды ауылға тартты.

Ал тұрғындармен кездесуге келген Бостандық ауданы әкімдігінің қызметкері бұл мәселеге өздерінің қатысы жоқтығын, оған қаланың Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының жауапты екенін айтумен шектелді.

Әкімдіктің өкілі айтқан басқармаға сауал жолдағанғанына екі күн болды. Бірақ әзірге жауап бермеді. Қанша ақшаның желге ұшқаны соларға ғана аян.  Ал Көкшоқы мен орманшылар арасындағы дау-жанжал тоқтаған жоқ. Ауызсу жобасының қашан дұрысталатыны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...