Хабар телеарнасы

Талдықорғанда шенеуніктер заңсыз алған пәтерлер тұрғындарға берілді

Тұрғын үй қорындағы пәтерлерді түгендеу мақсатында құрылған жұмыс тобы өткен аптада тексеріс жүргізіп, тағы осыншама пәтердің заңсыз үлестірілгенін анықтады. Олар жақын арада босатылады және шын мәнінде баспанаға зәру жандарға беріледі.

Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда кезінде заңсыз үлестірілген пәтерлер көптеп анықталып жатыр. Тұрғын үй қорын түгендеуге арналған жұмыс тобының құрамына қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер, тұрғын үй инспекциясының басшысы және қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы мен полиция дептартаментінің қызметкерлері кірді. Олар өткен сенбі күні жаңадан бой көтерген ықшам аудандардағы үйлерді аралап шықты. Нәтижесінде, шенеуніктердің 14 пәтерді заңсыз алғаны анықталды.

Мәди Шәкенов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Барлығымыз пәтерлерді аралап, бос тұрған пәтерлерді анықтадық. Мүлдем ешкім тұрмайтын пәтерлер және заңсыз тұрып жатқан тұрғындар белгілі болды. Қазіргі таңда 14 заңсыз алынған пәтер анықталды. Осы 14 пәтер заңға сәйкес қаламыздың тұрғындарына тұрғын үй комиссиясының шешімімен беріледі.

Қалада бұған дейін де осындай жұмыстар жүргізіліп, 14 пәтер кері қайтарылған еді. Олар бүгінде түгелдей кезекте тұрған азаматтарға берілді. Талдықорған қаласындағы қоғам белсенділері мен көпбалалы аналар жеке комиссия құрып, Қаратал және 6-7 ықшам аудандардағы пәтерлерді тексеруге кірісті. Олардың айтуынша, тексерілген жеті үйдегі 70 пәтерде Үкіметтен үй алған азаматтардың өздері тұрмайтыны анықталды. «Арасында қос-қостан пәтер алып, оны жалға беріп отырған экс-аудан әкімдері мен агенттік басшылары да бар», - деді қоғам белсендісі Сандуғаш Дүйсенова.

Сандуғаш Дүйсенова, қоғам белсендісі:

- Қошанбеков Ерғазы деген кісінің екі пәтері бар. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеген Нұрғисаевтың үйін өзге адамдар жалдап тұрып жатыр. Малташева бізде ішкі саясат басқармасында орынбасар болып жұмыс істейді. Үйінде өзі тұрмайды.

Талдықорғанда 1014 отбасының коммуналдық тұрғын үйлерде ешбір құжатсыз тұрып жатқанын да айта кетейік. Олардың көбі – құзырлы органдар мен мелекеттік және бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлеріне берілген баспаналар. Тұрғын үй қорын түгендеуге арналған жұмыс тобы мүшелерінің айтуынша, қызметтік пәтерлер жекешелендірілмейді. Ал онда тұрып жатқан азаматтар қызмет бабымен өзге өңірге ауысса, үй оның орнына келген әріптесіне беріледі. Қалған даулы мәселелер бойынша сотқа жүгінген жөн.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев