Хабар телеарнасы

Еліміздегі алғашқы гематология орталығы Өскеменде ашылмақ

Облыс басшысының сөзінше, ол әлемдік стандарттарға сай, заманауи жабдықтармен жабдықталған бірегей орталық болады. Ал жалпы өңірдің денсаулық сақтау саласына биыл 32 млрд теңге бөлінген.

Абай өңірі биыл Шығыс Қазақстан облысының құрамынан бөлінгені мәлім. Осы уақытқа дейін өңірді басқарып келген Даниял Ахметов бюджеттік бөлініс тек тамыз айында болатынын айтты.

Соңғы 7 жылда Абай өңіріне 2 трлн теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл – Шығыс Қазақстан облысы бойынша барлық инвестицияның 53%. Содан болар өңірдегі өнеркәсіп көлемі 5 есе, ауыл шаруашылығы 2,4 есе ұлғайған.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 108%, ауыл шаруашылығы өнімі – 103%, инвестиция – 112%, құрылыс жұмыстары – 110%. Осының барлығы мемлекеттік бюджетке түсімді 1,6 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Биыл ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері бұл салаға 5,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Енді жалпы бюджеттегі 12 млрд теңгеге 36 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде Бұқтырма су қоймасы жағалауында 12 демалыс базасын салу жұмыстары басталды.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Біз Алакөл көлін дамытуға 17 млрд теңге жұмсадық, қазір бағытымызды өзгертіп, өзіміздің Бұқтырма жағалауын дамытуға ауысып жатырмыз. Бізге үш жыл уақыт керек, сонда бұл жағалау елдегі кез келген курорттық аймақпен бәсекеге түсе алады, тіпті асып та кетеміз. Тек біздің облыста марал мүйізімен емдеу үшін табиғи ресурс бар.

Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 40 білім беру нысанына 1 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Жалпы өңірде  5 жыл ішінде 16 мектеп салынуы тиіс. Биылдың өзінде бес мектеп құрылысы аяқталады.

Авторы: Дана Әлиева