Хабар телеарнасы

Ұлытау ауданынан жаяу шыққан 72 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев елордаға жетті

Ел астанасына келмес бұрын ол 10 облысты аралап, 4 мың шақырымды еңсеріпті. Алда әлі 7 облыс бар. Осылайша, ақсақал Қазақстанның барлық өңірін жаяу жүріп өтпек.

Көктемгі көктайғақ та, жаздың аптаған ыстығы да Сәрсенбай Оспанұлы үшін кедергі емес. Күніне кемінде 40 шақырымды еңсеретін қария бұл сапарында 5 аяқ киім тоздырған. «Алтыншысын киіп жүрсем, жетіншісі арбамда», – деп күлімдейді. Расымен, қоларбасында азығы мен көрпе қабынан бөлек ауыстырар киімі де бар. Жетпістің белесінен асса да, қуаты таусылмаған қария қоларбасын қолдан жасапты.

Сәрсенбай Оспанұлы, саяхатшы:

- Ішіндегі заттарымен 60 келі болады. Жолда бейнет көрмей тұрмайсың. Бізде тақтайдай тегіс жол емес, кейбір шатқалдар бар. Оларға қарама-қарсы көтеріліп келе жатқанда алдыңнан жел соғады. Оның үстіне мына жеңіл көліктер жүргенде сені түйірскілеп өтеді. Олар төмен қарай үлкен шақырыммен жүргенде қалтақтап, дөңгелектің астына кетіп қала жаздап, тоқтап, өткізіп жіберіп, әзер өтемін. 

Сапарын алты жылдан бері жоспарлаған ақсақал: «Бұл бейнетті кешудегі мақсатым – ел өлкелерін аралау емес, қазақтың тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды насихаттау», – дейді.  Содан болар, экспедициясын «Ұлытауға бардың ба?» деп атаған. Қай өңірде, қай өлкеде болсын, қазақтың тарихын, қолөнер мен ұмыт қалған мейрамын айтып жүреді.

Сәрсенбай Оспанұлы, саяхатшы:

- Әуелі Алланың берген қуаты ғой, кейін бүкіл халық қолдап тұрғанда мен қалай шаршаймын? Жігеріме жігер қосып, күннен-күнге ынталандырып жібереді.

Елордаға келіп Сәрсенбай Оспанұлы жолының тең жартысын аяқтады. Оның ендігі бағыты «Көкшетау - Петропавл - Қостанай - Ақтөбе - Орал - Атырау – Ақтау» арқылы өрбімек. «Жаратқан күш қуат берсе, сапарымды аяқтаған соң, Меккеге қажылыққа жаяу аттанамын», – дейді ол. Ал қарияның қазіргі мақсатын бағындырып, елді толық аралап бітуіне 4 мың шақырым қалды.

Авторлары: Дана Әлиева, Наурызбай Құрманғазы