Хабар телеарнасы

Талдықорғанда жөнделген үйдің шатыры тағы ұшып кетті

Ол кезде қалалық әкімдік қаражат бөліп, мердігер мекеменің бірі оны жөндеген еді. Құрылыстың аяқталғанына екі айға жетер жетпес уақытта жұмыстың сапасы сыр бере бастады.

Қағылған қаңылтырдың бірі кеше желмен бірге жерге түсті. Абырой болғанда, одан ешкім зардап шеккен жоқ. Тұрғындар дауыл соққан сайын қауіп туындайтынын айтып, шағымданып отыр.

Ерік Мұхамедияров сапасыз жұмыстың дәлелі ретінде үйдің төбесінен құлаған қаңылтырларды жинап қойды. Оны құрылысты жасағандардың қолына тапсырмақ. Бұрын пәтер иелері кооперативінің төрағасы болған ол: «Желмен бірге желпілдеген темірлер тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр», - дейді. 

Ерік Мұхамедияров, қала тұрғыны:

- Қаңылтыр пышақтан өткір. Мынау үлкен адамның, баланың басына тисе, өлтіреді. Қайда баратынымызды білмейміз. Осымен үшінші рет шақыртып отырмыз.

Кешегі желден спорт алаңының жабындысы да бүктетіліп қалған. Астындағы құмы көрініп, шаңы шығып жатыр. Төсенішті тартып қайта жапқан қариялар: «2016 жылы стадион салынғанда құрылыс талаптары сақталмаған», - деп есептейді. 

Нүсіпбай Әбдірахым, қала тұрғыны:

- Ең негізі бетондалуы керек еді. Көріп тұрғандарыңыздай, мұның бәрі құм. Қолмен қазса, көрініп тұр. Құмды төсеп, кілемшелердің барлығын жаба салған. Бұл да – көзбояушылық үшін жасала салған дүние.

Бұл үйдің шатырын наурызда жел ұшырып, қалалық әкімдіктің тапсырысы негізінде жөнделген болатын. Тұрғындардың наразылығынан соң жауаптылар мердігер мекемені қайта шақыртып, жіберілген кемшілікті ретке келтіруге міндеттемек.  

Мәди Шәкенов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Мердігер компания мен қалалық әкімдік арасында біржылдық кепілдік мерзімі бар. Осы кепілдікке сәйкес, туындап жатқан наразылықтарды және жөндеу жұмыстарын міндеттейміз.

Келесі жылдың соңына дейін қалада 45 ойын алаңы жаңартылады. Әкімдік қызметкерлері: «Сол кезде аталған стадион да жөнделеді», - деп сендірді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев