Хабар телеарнасы

Атыраулық шаруалар жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай келеді

Шаруаның ыңғайына қарай салынған ғимараттардың құжаты болмағандықтан, банктер кепілге ала алмайды. Салдарынан Үкіметтің ауыл шаруашылығын өркендетуге бөлінген қаржысы игерілмеген. Ауданда «Бизнестің жол картасы 2020» бойынша 11 жобаның тек тиісті кепіл мүлкі барлары жұмыстарын бастаған.

Екі жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан Нұреден Байниязов Қырыққұдық ауылынан жер алып, ата кәсіпті жандандырмақ еді. Алайда шаруаның сатып алған пәтерінің құжаты жоқ болып шықты. Енді банкке берген тапсырысы аяқсыз қалып, шаруасын бастауға қаражат таппай қиналып отыр.

Нұреден Байниязов, шаруа:

- Бұл жерде тұрған үйлердің бірде-біреуінің заңды құжаты жоқ. Бұл үйлер уақытша тұруға, мал ұстауға салынған. Бірақ олардың құжаты жоқ. Сол себепті шауаршылықты кеңейтіп, малдың басын көбейту үшін несие алуға бұл жерде отырған адамдардың мүмкіншілігі жоқ.

Азамат Шаңғалаев, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:

- Қырда отырған шаруагерлердің сол қыстағын кепілге қойып, екінші деңгейдегі банктерден несие алғысы келеді. Дегенмен қазіргі таңда ол елді мекен болмағандықтан бағалау құндары өте төмен. Сол себептен несие алу мүмкіндіктері жоқ.

Атырау облысындағы ұсақ мал шаруашылығының барлығы дерлік бір кездегі кеңшар қыстақтарының базасында атадан балаға қалған қоныс негізінде бой көтерген. Сондықтан олардың заңды құжаттары жоқ.

Ғазиз Ғабдуллин, шаруашылық иесі:

- Cол мәселені біз Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали мырзаға бірнеше рет айттық. Осы Мақат ауданындағы шаруагерлердің құжаты жоқ қыстағын құжаттандыру жөнінде жаздық. Бірақ жауап жоқ. 

Қазір облыс бойынша бір кездегі малшы қыстақтарының есебін алып, оларда тұрып жатқан шаруашылықтардың жылжымайтын мүліктерін түгендеу басталды. Бірақ ол бір-екі жылдың жұмысы емес. Ал әзірге Байниязов секілді шаруасын енді бастағандар мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерден қағажу қалатын сыңайлы.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов