Хабар телеарнасы

Талдықорғандықтар өркениеттен тыс қалдық деп дабыл қағуда

«Облыс орталығында тұрсақ та өркениеттен тыс қалдық», – дейді олар. Өйткені жол нашар, ауладағы ойын алаңдары әбден ескірген. Көшеде жарық жоқ. Кеш батса болды, қара түнекке тап болады.

Ел аузында «әскери қалашық» атанып кеткен «Ұлан» ықшам ауданындағы ойын алаңының барлығы осындай. Баласының амандығын ойлаған ата-ана аулада емес, жақын маңдағы «Жастар» саябағына барып серуендеуге тырысады. 

Айтбала Сүлейменова, қала тұрғыны: 

- Қанша орын тұр. Бір дені дұрыс балаларға арналған ойын алаңы жоқ. №4, №5 шағын аудандарындағы Оқушылар сарайына барамыз. Тұрғындар үшін көше шамдарын орнатып, аулаларды жарықтандыру мәселесі де өзекті. Жолдың жағдайы да сын көтермейді. 

Виталий Вастрицов, қала тұрғыны:  

- Жолдың быт-шыты шығып жатыр. Жауын жауса, балшық болып кетеді. Көліктер жүре алмай қалады. Тіпті такси жүргізушілерінің келгісі жоқ.

«Ұлан» ықшам ауданындағы үйлерде бұрын әскери қызметкерлер тұратын. Сондықтан нысандар Қорғаныс министрлігінің меншігінде болған. Кейіннен пәтерлер жекешеленіп, сатылған соң, қарапайым қала тұрғындары қоныстанды. Қазір олар қай құрылымға қарайтынын және қайда барып шағымданарын білмейді.  

Ләйлә Оразбаева, қала тұрғыны:

- Біз Қорғаныс министірлігіне әлде әкімдікке қараймыз ба? Бізге соны шешіп беруді сұраймыз. Бәрі бір-біріне сілтейді. Қай жаққа жататынымызды ешкім білмейді. Қайда барып арыздануға болатынын да білмейміз.

2019 жылы ықшам аудандағы тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық жүйелер әкімдік қарамағына өтіпті. Олар: «Ескірген су және кәріз құбырын ауыстырып, аулаларды абаттандыру үшін құжаттарын жасап жатырмыз», – дейді.      

Рамиль  Рахымбаев, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- «Ұлан» шағын ауданындағы аулаларды абаттандыру бойынша ЖСҚ әзірлеу жұмыстары аяқталды. Сараптамадан өтуге конкурс жариялауда. Конкурстың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаражат сұралатын болады.

Жауаптылар ойын алаңдары келесі жылы жаңартылады деп отыр. Сол кезде аулаларға көше шамдары орнатылып, жолға да асфальт төселеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев