Хабар телеарнасы

Шығыстағы ауыл арасындағы жолдардың жағдайы мәз емес

Мәселен, Күршім ауданындағы елді мекендерді жалғайтын күре жолда соңғы жылдары жол апаты көбейген. Тұрғындар айналдырған 100 шақырымды 2-3 сағаттап жүреді. Ал жергілікті әкімдік: «Бұл жол бізге қарамайды, облыс жауап береді», – деп отыр.

Абырой болғанда, жолаушылар дін аман. Ал көліктің сау тамтығы қалмаған. Қойтас ауылының байырғы тұрғыны Нұрлан Сәрсенбин тез арада асфальт төселмес, қайғылы жағдайдың бұдан да көбеюі мүмкін екенін айтады. 

Нұрлан Сәрсенбин, Қойтас ауылының тұрғыны:

- Маралды ауылы округінің әкімі былтыр осы жолдан аунап, апатқа түсіп, қайтыс болды. Соның бәрін қарастыруға болады ғой. Адам емеспіз бе, ел емеспіз бе? Бір-бірімізге селбесуіміз керек қой.

Жергілікті тұрғындардың сөзінен түйгеніміз, «Күршім-Маралды» бағытындағы жол кеңес заманынан бері жаңаланбаған. Әсіресе қыста қиын.

Қызырғали Наурызов, Үшбұлақ ауылының тұрғыны:

- Ақша бөлінді дегелі 4 жыл болды. Ақшаның шетін де көргеніміз жоқ. Биыл шала-пұла бірдеңе бастап қойды. Бізде инфрақұрылымды жөндеу керек. Ауыл арасындағы жолдар нашар, екі ортадағы жолды елестетіңізші, қандай қиыншылық?

Мұрат Жолғазы, Күршім ауылының тұрғыны:

- Отыз жылдан бері Маралдының жолы жасалған жоқ. Жеңіл көліктер жете алмайды. Асты биік көліктермен жүрмесе, ыңғайсыз. Халық үшін салыну керек.

«Күршім-Маралды» жолы облыстық маңызға ие. Содан да болар, жергілікті шенеуніктер «бұл жол бізге қарамайды, облысқа хабарласыңыздар» деп ат-тонын ала қашты. Ал облыстық басқармадағылар мәселенің мән-жайын былайша түсіндірді.

Нұржан Ескендіров, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл жолды жөндеу әзірге жоспарға енгізілмеген. Жолды асфальттау үшін өзінің талаптары бар. Негізгі талаптар бойынша жолдың ағыны мен халық саны көп болуы керек.

Күршім ауданында 800 шақырым жол болса, соның тек 216 шақырымы ғана асфальтталған. Ал шекаралық аймақта халық саны жылдан жылға азайып бара жатқанын ескерсек, ауыл жолдары жақын арада жаңартылмайтын секілді.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин