Хабар телеарнасы

Жетісу облысында 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Бұл 3,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірде ауыл шаруашылығы мен туризм саласы дамиды. Жолдар жөнделеді. Президентке есеп берген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев осылай деді. Мемлекет басшысы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру маңызды екенін еске салып, елді мекендерді газбен қамтуды, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті дамытуды, сондай-ақ кадр тапшылығын жоюды тапсырды.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Жол мәселесі, инфрақұрылымдық мәселелер, су жүйелерін жаңарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, кәсіпорындардың санын көбейту, жұмыссыздықты азайту, туризм саласын дамыту сонымен бірге шетелдік инвестиция тарту мәселелеріне басты назар аударылды. Алдымызда бірқатар жоспарлар бар. Сондықтан алдағы 2-3 жылдың көлемінде Жетісу облысының деңгейінде атқарылатын стратегиялық басым бағыттары анықталды.