Хабар телеарнасы

Самарлықтарды Құлынжон өзенінің тағдыры алаңдатады

Осыған дейін Күршім ауданы, Маралды ауылының тұрғындары сондай компанияның қызметіне қарсы тұрғаны жайлы талай айтылған еді. Енді Самар ауданының жұрты бағалы металл іздегендердің кесірінен іргедегі өзен құрып кете ме деп алаңдаулы. Алайда қанша жерден шырылдағанмен, тау қопарып, тас жарған кәсіпорындардың арасында заңға бағынып жатқандары некен-саяқ.

Самарлықтарды сары уайымға салып отырған ­– Құлынжон өзенінің тағдыры. Өйткені ол – бірнеше ауыл мен елді мекен үшін негізгі су қоры. Ержан Дүсіпов «балығы тулаған, орманы шулаған» туған жерінің бүгінгі жайын көріп күйінеді. Жаз сайын қопарылып жатқан Құлынжонды құртып алар ма екенбіз деп алаңдайды.

Ержан Дүсіпов, қоғам белсендісі:

- Қайран Құлынжоным-ай, мен осы жерде туып-өстім. Мыналардан кейін балық түгілі  шаян да қалмайды. Заңнан, Құдайдан қорықпайтындар «алтын көрсе, періште жолдан таяды» деп бәрін құртып жатыр.

Өткен жазда да осы жерді түсірген едік. Жерді қазып, өзенді ластап, қалай болса, солай жұмыс істеген компанияның ізін ғана көргенбіз. Содан бері ешкім жер бедерін қалыпқа келтірмеді. Заң да, құзырлы орган да ол компанияны тәртіпке шақыра алмады. 135 мың теңге айыппұлмен құтылып кетті. Биыл сол маңда тағы да жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұл – басқа мекеме. «Ісіміз таза, мақсатымыз – барлау-бақылау», – дейді олар. Десе де Самар ауданынан келген топ бұған сенбеді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Осы жерде жүк көліктері ары-бері сабылып, қызу жұмыс жүріп жатқан. Біз келіп едік, жұмыс тоқтап қалды, бірде-бір ауыр техника жоқ. Мұның өзі көңілге күдік ұялатады. Егер барлығы заңды болса, құжаттары дұрыс болса, жасыратын несі бар?

Сөйтіп, біз де бұл компанияның жұмысына күмәнданып қалдық. Алайда мекеме өкілдері барлық талаптың сақталғанын айтып ақталды. Тіпті өздерінен соң жер бедерін қалыпқа келтіру үшін қомақты сақтандыру сомасын да рәсімдепті.

Нұржан Бектұров, Барлау-бақылау компаниясының өкілі:

- Біздің жұмысымыз айтып кеткендей, келісім құжаттардың бәрі бар, сол тәртіп бойынша іске асып жатыр. Егер қандай да бір тексеріс болатын болса, барлығы ойдағыдай.

Аудандағы жас депутат Қанат Мәмбетовтің алдына алтын іздеушілердің жұмысына орай ауылдағы ағайыннан апта сайын шағым түседі екен. Сол себепті бұл мәселені Президент әкімшілігіне дейін көтеруге тура келген.

Қанат Мәмбетов, Самар аудандық мәслихатының депутаты:

- Бұл туралы біз Президент әкімшілігіне депутаттық сауал жолдадық. Басқа амалымыз жоқ, қолдан келгені осы болып отыр, тайынбаймыз.

Самарлықтар мұндай кәсіпорындардың жұмысы бір ретке келтірілмесе, кейін сан соғып қаламыз ба деп қынжылады. «Сондықтан құзырлы органдар тарапынан бақылау мен талап күшейтілсе», – дейді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов