Хабар телеарнасы

Талдықорған қаласының билігі жол мәселесін шешуде халықпен кеңесетін болды

Бұл туралы әкімдік қызметінің 100 күндігіне орай брифинг өткізген шаһар басшысы Әсет Масабаев мәлімдеді. Өйткені тұрғындар бұған дейін қала ішіндегі теп-тегіс жолдардың қатты жамылғысы қырылып, жиектастардың жиі ауыстырылатынын айтып шағымданған еді.

Талдықорғандағы Балапанов көшесінің асфальті қырылып, жиектасы ауыстырыла бастағанына бірнеше күн болды. Тұрғындар теп-тегіс жолдың не үшін жөндеуден өткізіліп жатқанын түсінбей дал болып отыр. Олар бүлінген жаяу жүргіншілер жолы қайтадан қалпына келтірілмей ме деп қорқады.   

Алмагүл Таласбаева, қала тұрғыны:

- Теп-тегіс, жақсы жол ғой. Босқа жиектас қойды да, асфальтті қырып тастады. Енді мынаны қараңызшы, жол жиектерінің барлығын бүлдіріп тастады. Ол сосын қайтадан орнына келмейді. Білмеймін, тым жақсы жолды бұзып тастап, қайтадан салып жатыр.

Мырзабек Кенжебекұлы, қала тұрғыны:

- Мынау жақсы асфальт жол болатын. Қайтадан ауыстырды. Оны не үшін ауыстырды, білмеймін. Бірақ сапалы болсын. Кей жерлерде асфальт жоқ, жаңадан салынып жатқан Заречныйда асфальт жоқ. Қай жерде асфальт жоқ, сол жерге салса дұрыс болар еді.

Қала әкімі халықтың назы орынды екенін, болашақта қандай жолдарды жөндеуден өткізу керектігін қоғаммен кеңесіп, келісе отырып шешуге тырысатынын жеткізді. 

Әсет Масабаев, Талдықорған қаласының әкімі:

- БАҚ өкілдерімен, әлеуметтік белсенділермен және депутаттар, қала тұрғындары бар, әлеуметтік желілерге салып отырамыз. Бекітпес бұрын талқыға салып отырамыз. Яғни халық біліп отыруы керек. Халықтың ішкі жағдайын, сұранысын түсініп отыруымыз керек.

Талдықорғанда биыл ұзындығы 23,8 шақырым болатын 43 көше жаңадан салынып, пайдалануға беріледі. 67 көше орташа жөндеуден өтеді. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығындағы жолдардың 82% қанағаттанарлық деңгейде.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев