Хабар телеарнасы

БҚО-дағы Хан тоғайының ажары қаша бастады

Шөл далада жайқалған жасыл желек жұрттың таңдайын қақтырады. Алайда соңғы жылдары ағаштардың кәрісі де, жасы да жиі құлайтын болды. Өйткені жерасты су деңгейі төмендеп кеткен.

Нарынқұмда орналасқан Хан ордасы ауылының маңайы қылқанжапырақты ағаштармен көмкеріліп тұр. Теректер Жәңгір хан билігі тұсында егілген. Осы әдіс арқылы хандықтың әкімшілік орталығын құм көшкінінен қорғады. Шөл даладағы қарағайлар аспанмен таласып, жайқалып өскен. Тоғайды жергілікті тұрғындар әлі күнге көздің қарашығындай қорғап келеді. Тіпті газ желісі болмаған кезеңде қыс қанша ұзаққа созылып, отын таусылып қалса да, жұрт тоғайдың бірде-бір ағашына тиіспеген. Тарихи аумақты көзбен көру үшін алыстан келетін туристердің қатары қалың. Әйткенмен кейінгі жылдары тоғайдың ажары қаша бастады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Гидрологиялық жағдайдың нашарлауы салдарынан орманда құлап жатқан ағаштар аз емес. Мамандар олардың орнын толықтыруға тырысып жатыр. Жылына мыңдаған көшет егеді екен. Алайда соның тек 30% ғана өсетін көрінеді.

Ақылбек Әлсейітов, Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ директоры:

- Қариялардың айтуы бойынша бұрынғы уақытта су 60 сантиметрден, 1 метрден шыққан. Ал қазір 2-2,5 метрсіз жерасты суы шықпайды. Тамыр екі бөлек бөлінеді: жерүсті және жерасты тамыры. Жерден гумустан қорек алатын тамырлар, тіке су іздеп кететін тамырлар. Аса көп мөлшерде мәпелеуді қажет етеді. Себебі бұл жерде ашық су көзі жоқ.

Құмда орман шаруашылығына тиесілі аумақтың көлемі 16 мың гектардан асады. Тоғайда қарағай, қаратерек, жыңғыл, жиде және жүзгін өседі. Мекеме меншігінде екі бірдей тұқымбақ бар. Мамандар көшеттерді алдымен сол жерде күтіп-баптайды.

Жыл сайын орманда 130 гектар жерге көшеттер егіледі екен. Алайда еккен тал мен төккен тер текке кетіп жатыр. «Әрбір көшеттің тамыры жерасты суына малынғанша бірнеше жыл бойы суарып тұру керек. Ал оған техникалық мүмкіндік жоқ», ­– дейді маман.

Ақылбек Әлсейітов, Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ директоры:

- Суға жеткенге дейін суару үшін кем дегенде 5-6 жыл керек. Ал ондай технологиямен егу өте көп қаражатты қажет етеді. Біз егеміз, арасындағы арамшөптерін жұлып кетеміз. Сосын түптейміз. Еккеннен кейін табиғи ортаға қалыптасып, өзі өсіп кетуі керек.

Бөкей ордасы ауданы тұщы су қорына бай. Мұндағы тіршілік нәрі құбыр желісімен көрші аудандарға да жеткізіліп отыр. Тұрғындар жерасты су деңгейі төмендеуінің бір себебін сонымен байланыстырады. Алайда зерттеу жұмыстарын жүргізген гидрологтар бұл болжаммен келіспей отыр.

Артур Лұқпанов, «Жайықгидрогеология» серіктестігінің бөлім басшысы:

- Көпжылдық температураның 2 градусқа жылынуы, яғни облыс бойынша жерасты су деңгейінің көп жерде түскені байқалып жатыр. Егер қазір ауа райы күрт өзгерсе, ол қайтадан қалпына келеді.  

Хан тоғайы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына енгізілді. Президент Жолдауына сәйкес алдағы бес жылда елімізде 2 млрд көшет отырғызу міндеті қойылды. Енді мұнда биылдан бастап жылына 256 гектар жер игерілуі тиіс. Ал гидрологиялық жағдай оған қолайсыз болып тұр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов