Хабар телеарнасы

ШҚО тұрғындары мазасын алған тас үйінділерімен күресіп әлек

Шығыс Қазақстан облысындағы Миролюбовка ауылының тұрғындары тілшілерімізге осылай деп шағымданды. Айтуларынша, ауылға су құбырын тартқан мекеме көрінген жерге үшкір тас үйіп кеткен. Салдарынан адамның да, малдың да жүруі қиындап, берекесі қашқан. Жұрт енді қазылған шұңқырлар мен опырылған көпірлерді кім қалыпқа келтіреді деп алаңдаулы.

Юрий Гайворонский үйінің іргесіндегі таспен күнде алысады. Ары-бері өткен адамның да, малдың да мазасын алған үйінділер бітер емес. Дегенмен күнделікті жүрер жолды өз күшімен аршуға тырысып-ақ жүр.

Юрий Гайворонский, Миролюбовка ауылының тұрғыны:

- Өрістен қайтқан мал әрең өтеді. Тастарды жан-жаққа лақтырып, тазартып жатырмыз, бірақ үлкен үйінділерді тазарта алмаймыз ғой. Мына жақтың барлығы бұрын жап-жасыл болып жатушы еді, қазір қараңыз, тас басып қалған. Енді көгал қайта шығу үшін көп уақыт керек.

Сөзінің жаны бар. Ауылдың іші де, сырты да жыралар мен үйілген үйінділерге толып қалған. Су құбырын тарту жұмысынан соң қазылған шұңқырлар дұрыс бітелмеген. Шағын көпірлер де опырылып жатыр. Жайылымнан қайтқан мал ауылға кіре алмай, кешқұрым жұрттың есі шығады екен. Ал жауын-шашында көшелері ми батпаққа айналып, жағдай тіпті ушығады.

Қанат Абсадықова, Миролюбовка ауылының тұрғыны:

- Тас басып жатыр, балалар жүре алмайды. Көктемде біздің балалар батпаққа сүңгіп кеткен жоқ, олар шұңқырды қалай жапты, топырақ болды.

Ауылдық округ әкімі болса мердігер компанияның жұмысынан мін табар емес.

Марат Дюсупов,  Миролюбовка ауылдық округінің әкімі:

- Мен олардан қабылдап алсам, онда мәселе басқаша. Енді жұмыстарына қанағаттанамыз.

Сонымен, әкім арықтың неліктен құрғап қалғанын да, тас үйінділердің қашан тегістелерін де жарытып түсіндіре алмады. Біз тау қопарып, тас жарып, құбыр тартқан мердігер компания өкілдерімен де жүздестік. Олар құрылыс өткен жылы қыс ішінде аяқталғандықтан, соңы шала қалғанын мойындап тұр.

Олжас Мәметеков, мердігер компания өкілі:

- 2021 жылы желтоқсан айының аяғында өткізген болатынбыз. Соған байланысты қыс айында тегістеу жұмыстарын жүргізе алған жоқпыз. Үш жыл кепілдік бар. Алдыңғы аптада тапсырыс беруші мен шаруашылық комитеті келіп, ұсақ-түйек ескертулер болды, сол бойынша жұмыс жасап жатыр.

Мердігер мекеме жобаға кірмесе де өз қаражатымыз есебінен біршама тұрғынға 300 метр су құбырын жеткізіп бердік. «Енді тағы бірнеше үйге көмектессек деген жоспарымыз бар», ­дейді. Ең бастысы, алдағы екі апта мерзімде Миролюбовка ауылының ішін қалыпқа келтіреміз деген уәделерін берді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов