Хабар телеарнасы

Түркістан облысындағы ауылдар әлі күнге дейін табиғи газсыз отыр

Бюджеттен бөлінген 304 млн теңге толық игерілсе де, үйді-үйге тартылған инженерлік желілер сұйық отынға қосылмады. Құрғақ уәдеден шаршадық деген 500 абонент өркениет игілігіне қол жеткізе алмай келеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Оңтүстік шағын ауданының халқы табиғи газ тапшылығын көп көрді. Мұнда тіпті есептеуіш құрылғылары орнатылып, инженерлік желілері де тартылып қойған. Кенет табиғи газ таратуға мараторий жарияланып, құрылыс жұмыстары тұралап қалды.

Салдарынан тұрғындардың көптен күткен қуанышы су сепкендей басылды. «Баянсыз бастамаға қапалы жұрт жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырып біттік», – дейді. Тек құрғақ уәде беріп, селқос қарап отырғанын айтады.

Айбек Исмайлов, Қошқар ата ауылының тұрғыны:

- Негізінде газ берілуі керек еді. 10 жылдан бері өз өтініштерін айтады. Бірақ немқұрайлы қарап, жауаптылар дұрыс жауап бермейді. 1 тамызға дейін деп айтты. Қазір әкім де айтып жатыр. Бірақ аяқ астынан екі айда шешіле қалады ма? Мен ғана емес, көршінің бәрі сөйтіп айтып отыр. Оған сенбейді.

Ал Қошқар ата ауылына 2000 жылы көшіп келген Қанат Сейдәзімов іргелес елді мекендерге қызығып та, қызғанып та қарап жүр. Себебі көшесіне көгілдір отын берілмек түгілі оның құбыры да тартылмаған. Бірақ әкімдіктегілер халықпен кездесуінде өзі сияқты 25 көршісін әлдеқашан газға қосып қойғанын айтыпты.

Қанат Сейдәзімов, Қошқар ата ауылының тұрғыны:

- Отынның бәрін аламыз. Қырқамыз, кесеміз, дайындап қоямыз. Көмірхананы көрсеттім. Қалай от жағатынымызды да. Қалай қыс келеді, екі бөлмеге тығыламыз. Мысалы, қазір осы жердегі 25 үйде газ жоқ. Әрі қарай бар. 100 метрден кейін тағы да газдың сызығы бар. Бірақ бізде жоқ. Екі ортада қалып кеткенбіз.

Ал жауапты мамандар барлық мәселенің жыл соңына дейін шешілетінін айтады. Өйткені 2020 жылы құрылысы басталған қосымша газ тарату станциясы аяқталуға жақын қалды. Автоматтандырылған нысан пайдалануға берілсе, қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрге дейін көбеймек. Нәтижесінде аудан орталығынан бөлек іргелес жатқан бірнеше ауылды толық көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік туады.  

Мұхтар Байғұлов, Келес аудандық ТҮКШ және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта ең соңғы қалдық қаржысы бөлінді. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін толығымен тапсырамыз. Қазір сағатына 30 мың/куб құрылысы аяқталғаннан кейін АГРС-тің оның 10 мың куб шамасында артық тұрады. Болашақта қосылатын ауылдарға жоспарланып жасалған.

Ауданда Абай ауылдық округіне қарасты төрт ауылға табиғи отын жеткізу үшін инженерлік жүйелер тартылған. Бірақ халық қосымша станция іске қосылғанда ғана көгілдір отынның қызығын көреді. Жергілікті билік өкілдері: «Оған дейін тұрмыстық газға дербес шоттарын әзірлей беруі керек», – дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов