Хабар телеарнасы

Атырауда балалар ойыншықтарынан химиялық улы заттар табылды

Облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жүргізген тексеру барысында «сатылымдағы 56 түрлі ойыншықтың 38-і бала ағзасына зиянды екені анықталды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Десе де басқа да талаптарды сақтамай жасалған ойыншықтар жетерлік.

Ойыншық дүкендеріне бас сұқсаңыз, көзіңіз тұнады. Олардың алуантүрлілігі өз алдына, сәби сананың қалыптасуына, ой-өрісінің дұрыс жетілуіне пайдасы зор. Тек оны қайдан, қалай таңдап алу керек? Бүгінде жайма базарлардан азық-түлік қана емес, тауар алудың қауіпті екенін тұтынушы жақсы түсінеді. Сосын қымбат та болса, сапалы, құжаты бар өнімді қалайды екен.

Альбина Ізғалиева,тұтынушы:

- Мен көбіне ініме, сіңіліме ойыншықты осындай дүкендерден аламын. Себебі базарлардағы тауарлардың сапасы қандай екенін білмейміз. Сертификаттары жоқ. Ал мына дүкендерде сертификат болады. Қандай бренд, неше жасқа пайдаланатын ойыншықтар аламыз.

Өзге тауарлар секілді Атырауға ойыншық өнімдері де шетелдерден, соның ішінде Қытай, Ресей және Беларусь елдерінен келеді. Олар саттыққа түспес бұрын тексеріліп, құжаттары рәсімделеді. Әсіресе 1 жасқа дейінгі бөбектерге арналған ойнышықтарға талап жоғары.

Дания Нұржанова, сатушы:

- Біздің практикамызда ойыншықтан улану дерегі кездескен жоқ. Тауарлардың барлығы сертификатталған. Егер қандай ма бір жарамсыз, бүлінген ойыншық болса, біз оны тасымалдаушыға болмаса тауар өндірушіге кері қайтарамыз.

Санитарлық қадағалау департаментінің міндеті – шетелдерден келетін өнімдердің сапасы мен адам ағзасына қаупі бар-жоғын анықтау. Олар өткен 5 айда 56 түрлі ойыншық өнімін тексеріп, оның 38-інің стандарттарға сәйкес келмейтінін анықтапты.

Фариза Қайрошова, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Ойыншықтарды тексергенде физикалық-химиялық және таңбалану бойынша көрсеткіштерге сараптама жүргізуге жібереміз. Яғни өндірушілердің тарапынан сыртындағы өнімнің атауы, өндірушінің атауы мен мекенжайы, сақтау мерзімдерінде сәйкессіздіктер анықталып отыр. Оларды жоюға немесе өндіруші елге кері қайтару жөнінде нұсқама берілді, орындалуы бақылауға алынады.

Соңғы үш жылда Атырауда баланың ойыншықтан улану дерегі тіркелмепті. Дегенмен еліміз бойынша белгіленген ережеге сай «жарамсыз» деп танылған ойыншық өнімдері толықтай жойылды. Келешекте мамандар ойыншық дүкендеріне әр айдың басында рейдтік шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев