Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы 25 жылдан кейін қайта құрылған Самар ауданы тарихи шешімді атап өтпек

Шығыс Қазақстан облысында Көкпекті ауданынан бөлініп шыққан Самар ауданының тұрғындары осындай үмітте. Арада ширек ғасырдан соң Самардың бұрынғы беделіне ие болуын жұрт ұлан-асыр тоймен қарсы алды. Айтуларынша, бұдан былай жол, ауызсу, тұрғын үй құрылысы сияқты қордаланған мәселелерді шешуге жол ашылады.

Бұл аттылар мен темір тұлпар мінген салтанатты шеру Көкпекті мен Самар ауданының шекарасынан келе жатыр. Мақсаттары – осы арқылы Самардың бүгіннен бастап өз алдына бөлек аудан болып жарияланғанын көрсету. 25 жыл күткен өзгерісті жұрт осылай бейнеледі.

«Көрші Көкпектіден көрген зәбірміз жоқ», – дейді мұндағылар. Алайда осы жылдар ішінде ​бұрынғы дүбірлеген Самар ауданының атағы бәсеңсіп қалғаны рас. Жер-жерде шешілмеген дүниелер көбейіп кеткен. Айтар ауызға аз сияқты болғанымен, ауылдағы ағайын үшін аса қажетті шаруалар. Мәселен, Самардағы аурухана кадр тапшлығын тартып отырғалы қашан. Хирург жетіспейді, офтольмолог, дерматолог сынды дәрігерлер жоқтың қасы. Енді жастар келер деген үміт бар.

Глафира Шапатова, Самар аудандық №2 аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Үмітіміз бар, өйткені қазір аудан болады дегеннен кейін кейбір кісілер хабарласып, бізге қызығушылық танытып жатыр. Аудан ​болмағаннан кейін жастар бұл жерге көп келмейді.

Мұндағы ауыл аймақта әсіресе ауызсу және жол мәселесі өзекті. Басқасын қойғанда аудан орталығына айналған, 6 жарым мыңнан астам тұрғыны бар Самардың өзінде су құбыры тартылғанмен, әлі бітер түрі көрінбейді.Гауһар Бигосинова, Самар аудандық Мәслихатының депутаты:

- Бүгінге дейін су құбыры жүргізілгенмен, толыққанды аяқталмаған осы мәселе аяқталады деген ойдамыз. Самар ауданының бюджеті ​өзіне-өзі жеткілікті орныққаннан кейін экономикаға осы жердегі кәсіпкерлерден түскен салықтың арқасында және орталықтан бөлінетін бюджеттің арқасында көп мәселелер шешімін табар деген үміттеміз.

Бастаушы, Қарақол сынды көзден ​таса, назардан тыс қалып қойған ауылдықтар да айтулы өзгерістен дәмелі.

Гүлжанат Қанғұлова, Бастаушы ауылының тұрғыны:

- Округ өзінде тасжолдар салынса, электр жарығы тартылса, «Шығыс» бағдарламасы бойынша үйлер салынса, бізде де алтын құрсақты аналар көп, жұмыс орындары ашылса, ауылға жастар көбірек келер еді.

Бізде жердің астын да, үстін де игеріп жатқан кәсіпкерлер жетеді. Алтын және ильменитті кен орындары бар. «Сондықтан ​ түскен салық экономиканы ​ көтереді», – деп санайды жергілікті атқамінерлер. Бұған енді ауданнның туристік тартымдылығы да қосылмақ.

Ахмет Күдербаев, Самар ауылдық округінің әкімі:

- Бұқтырма су қоймасы іргемізде. Ол жаққа бір апта бармай қойсаңыз, Бұқтырма өзгеріп кетеді, ондаған, мыңдаған, жүздеген үйлер салынып жатады.

«Туризм» демекші, жоба құны 50 миллард теңгеден асатын Бұқтырма көпірінің құрылысы да осы Самар ауданында салынып жатыр. Бұл ​ болашақта  Самардың туристік қуаттылығын арттыратын ең үлкен мүмкіндік болмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов