Хабар телеарнасы

Семейде 1 млрд теңгеден астам қаржыға жаңартылған Орталық саябақтың сәні кетті

Қыруар ақша жұмсалған саябақтың жарамсыз болып қалғанына тұрғындар наразы. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі құрылыс материалдарының сапасыз екенін айтады. Бірақ жақында жөнделеді деп сендірді.

Төрт демалыс орны мен серуендейтін алаңы бар саябақтың бүгінгі сыйқы осындай. Қала тұрғындары асыға күткен демалыс орнындағы субұрқақтар ашылу салтанатынан кейін-ақ істен шыққан. Әткеншектер де сынған күйі жатыр. Көгалдандыру жұмыстары да көңіл көншітпейді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары субұрқақтың техникалық ақауларға байланысты жұмыс істемей тұрғанын айтады. Сондай-ақ аттракциондардың қызметі де қауіпсіздік мақсатында уақытша тоқтатылыпты. Бірақ пайдаға аспаған алаң тұрған сайын тозып барады. Сапаның сын көтермейтіні де жасырын емес.

Қанатжан Жылқыбаева, қалалық ТКШ бөлімі абаттандыру секторының инспекторы:

- Барып тексерген кезде әткеншектердің салмағы оны ұстап тұрған тіректің салмағынан ауыр. Әрине, сапасы төмен деп ойлаймын. Бірақ біз өзіміздің мердігер компаниялар бар ғой, солармен келісімшарт жасасып, қайтадан әткеншектерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар Орталық саябақта субұрқақтар бар, қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме өз қаражаты есебінен жүргізеді.

Айта кетейік, саябақты қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 100 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген еді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов