Хабар телеарнасы

Нұра ауданында жайылымдық жер тапшы

Осылайша, өңірдегі жайылым тапшылығын жоюға ниетті. Әзірге игі бастамаға 11 шаруақожалық жетекшісі қолдау білдірген.

Астықты Нұра ауданында жайылымдық жер тапшы. Құрығы ұзын шаруашылық иелері құнарлы жердің барлығын бір кездері бөліп алған деседі. Бірақ соның көп бөлігін не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермейді.

Зарлық Мақсұтов, Қараой ауылының тұрғыны:

- Ауылдық жерде тұрған халықтың жағдайы қалай жақсарады? Мал ұстамаса, олардың әл-ауқаты көтерілмейді. Сондықтан малдың басын көбейту үшін ауылға жайылым керек.

Бүгінде Нұра ауданына қарасты 23 ауылда шамамен 5400-дей шаруа қожалығы тіркелген. Олардың біразында игерілмей бос жатқан жерлер бар. Енді соны халыққа қайтарып, жайылым тапшылығын азайту үшін арнайы келісім жасалды. «Аманат» партиясы, ауылшаруашылық тауарын өндірушілер, әкімдіктер мен жергілікті қауымдастықтар меморандумға қол қойды.

Қуаныш Ашанбаев, фермер:

- Халықтың жағдайын шешу үшін атсалысып жатырмыз. Жарасбай ауылы халқына мал жаю үшін 10 мың гектар жер бөліп беріп жатыр. Енді былай қарасақ, Нұра ауданында ең көп беріліп отырған осы Жарасбай ғана. Жарасбайдың жағдайы жаман емес, жақсы. Меморандумға да қол қойдық.

11 құжатқа қол қойылды. Соның арқасында ауданда жайылым тапшылығы 81 мың гектарға азайып отыр.

Эльдар Жұмағазиев, «Amanat» партиясының хатшысы:

- Ел бойынша 22 миллион гектар жайылымдық жер халыққа тиесілі. Керісінше мына шаруашылықтарда 41 миллион гектар жер профицит бар екен. Қазіргі мақсатымыз – бүкіл ел бойынша осы мәселелердің барлығын анықтап, барлық облыста осындай жағдайға жеткізу. 100% болмағанмен соған жақындап, халыққа жайылымдық жердің барлығын алып беру керек. Ең бірінші мәселеміз осы.

Меморандум аясында ауыл тұрғындары фермерлер берген жерді 4 жыл 9 ай пайдалана алады. Кейін жергілікті атқарушы органдар мен қауымдастықтың және шаруалардың өзара келісімімен ол мерзімді әрі қарай ұзартуға болады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар