Хабар телеарнасы

Киіктерді сақтау мақсатында қазақстандық ғалымдар ірі жобаны қолға алды

Қазір олар Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы шаруашылықтың бірінде құралайды қолда асырап, жан-жақты зерттеп жатыр. Осылайша, ақбөкендер арасында кездесетін ауруларды анықтап, оның алдын алуға күш салмақ.

Киіктің лағын туғаннан кейін небәрі екі сағат ішінде ажыратып алу керек. «Себебі уызға тойып, ширап алған құралай қолға ұстатпайды», ­– дейді мамандар. Қазір 60 лақ арнайы жасалған вольерде қамаулы.

Мадияр Әлжаппар, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Біріккен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Өзіме де қызық. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде болмаған жағдай десе де болады. 370 гектар жерді қоршауға алып, кең орын дайындап жатырмыз. Ол – кәдімгідей табиғи орта. Айналасы 8 шақырым қоршалғанмен, олардың жейтін шөбі, ішетін суы, бәрі сол жерде бар.

Осыдан бірер жыл бұрын Бетпақдалада белгісіз індеттен киіктер қынадай қырылған болатын. Кейін бұл жағдай Батыс өңірінде де қайталанды. Келешекте соған жол бермеу мақсатында даланың сәні ақбөкенді аман сақтап қалу үшін осы жоба қолға алынған.

Әлжан Шәмшидин, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан АТУ ғылым жөніндегі проректоры:

- Мақсатымыз ­– олардың көбею қабілеттерін, кейбір инфекциялық ауруларға қалай шалдығатынын немесе шалдықпайтынын, адаптациялық белгілерінің зерттеуі бойынша, сонымен қатар тұқым қуалайтын генетикалық мутацияларын анықтау жөнінде жұмыс жүргізу. 

Ғалымдар игі жобаны бастамас бұрын мемлекеттен арнайы рұқсат алған. Осылайша, бұған дейін тек зертханада жүргізіліп келген ғылыми жұмыстарды тәжірибемен ұштастырудың мүмкіндігі туды. Бұл мақсатқа 130 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар