01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Қостанайлық шаруалар асылтұқымды мал басын көбейтуге ниетті

  • Категория: Қоғам
Қостанайлық шаруалар асылтұқымды мал басын көбейтуге ниетті

Бірақ олар шет елден жерсінбейтін ірі қара алғанша, өздерінде-ақ ғылыми әдіспен төлдердің популяциясын көбейтпек ниетте.

Бұл ретте бельгиялық ірі қара тұқымын өсіру көзделіп отыр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Елімізде теңдесі жоқ эмбриондарды трансплантациялау орталығы Жуков ауылы маңында салынады. Араға екі ай салып бұл жерге Бельгиядан алғашқы эмбриондар жеткізілмек. Мынау тұрған ғимарат орнында заманауи лаборатория пайда болады. Демек, елді мекенде асылтұқымды мал басын көбейтуге арналған ғылыми жұмыстармен айналысуға бар мүмкіндік қарастырылады.    

Әуелі бельгиялық көк сиырлар жерсіндіріледі. Содан кейін олардың ұрығы трансплантология орталығында өсіріледі. Ғылыми жұмыстың жемісін шамамен екі жылдан кейін көруге болады. 

Валерий Розумович, кәсіпкер:

- Бұл тұқымды өзімізде өсірсек, экономикалық тұрғыда ұтамыз. Мысалы, екі жасар бұқаны Бельгиядан тасымалдауға 5 мың еуро жұмсалады. Ал бір эмбрионның құны – 400 еуро. Бірақ олардың өміршеңдігі 50% тең.

Көк сиырлардың төлі 60 келіге дейін тартады. Олар тек кесар операциясымен, яғни қарынды жару әдісімен алынады. Бұның қыр-сырын меңгеру үшін жергілікті мамандар бельгиялық әріптестердің тәжірибесін негізге алады.

Валерий Розумович, кәсіпкер:

- Қазір нарықта мәрмәр еттен басқа премиум санаттағы ет жоқ. Бұл олқылықтың орнын осы асылтұқымды мал толтыруға тиіс. Оның еті жұмсақ. Майлылығы небәрі 5%.

Ал бельгиялық сиыр етінің өнімдері осы зауыт базасында шығарылады. Мұнда қазір шұжық пен жартылай фабрикаттың 160 түрі бар. Демек, жақын арада қостанайлықтар үшін жоғары сұрыпты әрі диеталық ет қолжетімді болады.

Марина Ахметбекова, Ет өңдеу зауыты директорының орынбасары:

- Бізде жаңа әрі қуатты өндіріс желісі бар болғанымен, сапалы шикізат тапшы. Соңғы уақытта адамдардың талғамы өзгерді. Олар холестеринсіз, нәрлі ет таңдайды.

Қазір Бельгиядағы ірі қара малдың 1 миллионға жуығы осы асылтұқымнан алынған. Оны өсіріп отырған 30 мыңдай шаруа қожалығы жоғарғы сұрыпты етті сатудан қыруар табыс көріп отыр.

Люк Ван Хифте, мал өсіруші /Бельгия/:   

- Эмбриондарды қостанайлық фермерлерге жеткізуге дайынбыз. Әрине, бұл ретте ветеринарлардың біліктілігі маңызды. Себебі ғылыми тұрғыда кәсібилік қажет болады.

Қостанай облысында асылтұқымды мал басы 2010 жылдан бері көбейіп келеді. Қазір етті және сүтті бағытта ірі қара саны 70 мыңға жуықтаған.  

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...