Хабар телеарнасы

Елордада «Армандар ағашының» ресми ашылу салтанаты өтті

Еліміздегі ауыр науқас және дамуында ерекшелігі бар балалардың арманы орындалмақ. Соған орай елордада «Армандар ағашының» ресми ашылу салтанаты өтті. Игі іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау білдірді. «Армандар орындалады» жобасы аясында ауыр халдегі балалар тілектерін «Арман ағашына» жазып қалдырады. Ал оларды орындауға кез келген адам көмектесе алады. Ұйымдастырушылар: « Осылайша, науқас балалардың өмірге деген құштарлығын оятамыз», – дейді. Айта кетейік, үш ай бұрын бастау алған жоба еліміздің барлық өңірін қамтып, ауыр науқастанған 100 баланың арманын орындауды көздеп отыр.

Ғалым Құрман, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Әнші Төреғали Төреәлімен кездессем деп бір бүлдіршініміз арманын айтып отыр. Көп кешіктірмей, соны орындауға тырысамыз. Барлықтарыңызға аман-саулық тілеймін. Бүкіл еліміздің меценаттарын осы акцияға қатысуға шақырамын. Бұл тек акция түрінде емес, бұл жүйелі түрде орындалса деген тілегіміз бар.