Хабар телеарнасы

Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары ресми түрде құрылды

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамыр күні Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойған еді. Онда жаңадан үш облыс құру туралы айтылған. Құжат 8 маусымнан бастап күшіне енді. Жаңа өңірлердің даму жоспары туралы рет-ретімен баяндайық.

Алдымен Абай облысы. Жаңадан құрылған өңірдің еншісінде Семей және Курчатов қаласы мен сегіз аудан бар. Ал Шығыс Қазақстан облысына Өскемен мен Риддер қаласы және тоғыз аудан қарайтын болады.

Шығыс Қазақстан облысы бүгіннен бастап Семей өңірінсіз дамиды. Осылайша, бұрын бір жерден басқарылған екі аймақ енді өз еншілерін алып, шекарасын шегендеп, көрші облыстарға айналды. Тіпті түтін санын түгендеп те үлгерді. Абай облысында 638 мыңнан астам адам тұрса, Шығыс Қазақстанда 717 мыңнан асады.

Аумақ жағынан Абай облысы ауқымды. Еншісі туралы айтсақ, Абай облысының территориясында әлеуеті әуелеген, бір жазда миллионнан астам турист демалатын Алакөл, өндірістік қарқыны мықты Ақтоғай, Бақыршық, Жезкент кен орындары кіреді. Бұдан бөлек шаһарда қазір 200 шағын кәсіпорын мен 13 ірі өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр.

Дегенмен Семей қаласының инфрақұрылымы тым нашарлап кеткені жасырын емес. Талай жазылып та, айтылып та жүрген жайт. Енді жеке бюджеттік қамтуға көшсе, осы қордаланған мәселе түйіні шешілер деген үміт бар халықта. «Ал рухани тұрғысынан алғанда Абай облысының құрылуы Ұлы ақын шығармасын насихаттауға кең мүмкіндіктер ашады», - дейді мұндағы әдебиет жанашырлары.

Тұрдықұл Шаңбай, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры:

- Хәкім Абай, кемеңгер Мұхтар, данышпан Шәкәрім, Алаштың алыптары бәрі-бәрі осында туған. Міне, сондықтан Абай облысы болуы, бір жағынан, қуаныш, екінші жағынан, жауапкершілік.

«Өскемен де ештеңеден кенде қалмайды», - дейді сарапшылар. Өңірдің  Қатон-Қарағай, Бұқтырма сынды туристік тартымдылығы өз алдына. Берел сынды тарихи жәдігері – бір төбе. Бұдан бөлек, өндірісті шаһарда ТМК, Үмбі металлургиялық зауыты, Казцинк сынды алпауыт кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.

Галина Казанцева, сарапшы:

- Бұл өзгерістен қорқуға болмайды. Енді әр облыстың өз бюджеті бар деген сөз. Салмақ азайып, әр өлкеге қажет жобаларды іске асыруға мүмкіндік туады. Дегенмен көрші Абай облысымен жылы қарым-қатынас жалғаса береді деген үміттеміз.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Сонымен, елдің шығысында енді екі облыс. Қос өңір қарқынды дамыса, мұндағы жұрт кенжелеп қалмасы анық. Әлеумет әлеуеті күшейер деген сенім мол. Ал рухани байланысты ешбір шекара сызығы үзе алмасы анық. Мәселен, Ұлы Абайдың мұрасы ортақ, тіпті екі өлке үшін емес, бүкіл ел үшін.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов