Хабар телеарнасы

Конституцияға ұсынылған өзгерістер қабылданды

Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумда қабылданған өзгертулер мен толықтырулар күшіне енетінін айтты.

Ресми мәлімет бойынша, сайлау құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы дауыс берген. Бұл – жалпы халықтың 68,05%. Республика бойынша дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18%, яғни 6 163 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап дауыс берген. Бұл 17 аймақтың әрқайсында абсолютті басымдықты құрайды. Ал дауыс берушілердің 18,66%, яғни 1 490 477 адам ұсынылған өзгерістерге қарсы дауыс берген екен.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

- Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Заңның 31, 34-баптары негізінде еліміздің негізгі заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептеледі.