Хабар телеарнасы

СҚО-да жылқылар белгісіз індетке шалдықты

Тұрғындардың айтуынша, Қамбар ата төлдерінің қызуы көтеріліп, жөтеле бастаған. Тіпті кейбірінің маңқасы ағып, әлсіреп қалған. Мал дәрігерлері ауруды дөп басып анықтай алмай отыр. Малдан сараптама алынып, Нұр-Сұлтан қаласындағы зертханаға жіберілді.

Самархан Сәдуақасовтың ауыл жылқысын бағып жүргеніне жеті жылдан астам уақыт болған. Азамат Қамбар ата төлдерінің белгісіз індетке шалдыққанына бір аптадай болғанын айтады. Уақыт өткен сайын ауру малдың саны артып барады.

Самархан Сәдуақасов, жылқышы:

- Жөтелден басқа маңқасы ағады. Сосын әлсіздік болады. Ширақ қимылдамайды. Яғни баяулап, бәсеңдеп қалады. Бұрын «сақау» деген жылқы ауруы болатын. Ол – бүкіл жерде болатын ауру. Биыл бізде сақау белгілері көрінген жоқ. Жылқышылармен хабарластым. Оларда да осындай жөтел.

Әзір мұндай ауру Есіл ауданында тіркелді. Ветеринарлар бірден жылқылардан сынама алып, елордадағы зертханаға жіберді. Оның қорытындысы бірнеше күннен кейін дайын болады. 

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Мұндай белгі бойынша бірнеше аурудың түрі болуы мүмкін. Өкпенің бронхиты, сонымен қатар гирменттер қоздыратын аурулар. Кеше жұқпалы ауруларға қарсы сынама алып, диагноз қою үшін зертханаға жібердік. Қандай да бір жұқпалы ауру анықталса, диагнозы нақтыланғаннан кейін арнайы іс-шараларды жүргіземіз. Ал қазір симптоматиялық түрде ем жүргізіп жатырмыз.

Бастысы, әзір мал шығыны жоқ. Қазір облыс бойынша нақты қанша жылқының осындай індетке шалдыққаны да белгісіз. Ал сараптама қорытындысы жұқпалы ауру екенін растаса, онда аудан мен ауылдарда шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Айта кету қажет, өңірде малдардың басқа түрі мұндай аурудан құлан таза.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов