Хабар телеарнасы

Азаматтық авиация академиясының студенттері ШҚО-да тәжірибеден өтуде

Азаматтық авиация академиясының бір топ студенті Өскеменде «Ми-8» тікұшағымен таулы өңірде, қолайсыз ауа райында самғаудың қыр-сырын меңгеріп жатыр.

Болашақ ұшқыштар таңдауының Шығысқа түсуі бекер емес. Өйткені өңірдің таулы-тасты, күрделі рельефті табиғаты олар үшін ауадай қажет. Ең бастысы, санитарлық авиацияның жілігін шағып, майын ішкен кәнігі мамандар осында.

Андрей Будников саналы ғұмырының 10 мың сағатын әуеде өткізген. Ұшпаған тікұшағы сирек. Қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай қиын жағдайға тап болған адамдарға көмекке асығатын тәжірибелі ұшқыш бұл салада түйіні тарқамаған мәселе көп екенін айтады. Соның бірі – жас мамандардың жетіспеушілігі. Мәселен, Өскемендегі әуе жасағының 15 ұшқышының алтауы зейнетке кетуге әзірленіп отыр.

Андрей Будников, ШҚО Авиация бөлімшесінің ұшқыш-нұсқаушысы:

- Біздің орнымызды басатын жастардың қатары аз. Елімізде тікұшақ ұшқыштары тапшы. 90-жылдардағы қиын кезеңде ұрпақ сабақтастығы үзілді. Ұшқыштардың жұмысы күрделі әрі қауіпті болса да, ел қатарлы 63 жаста зейнетке шығады. Сондықтан талапты жастардың осы салаға қызығушылық танытқаны қуантады. Біз білгенімізді үйретуге әркез әзірміз.

Биыл тікұшақтың қыр-сырын үйренуге Азаматтық авиация академиясының алты студенті келіпті.

Шыңғысхан Есімханов, Азаматтық авиация академиясының студенті:

- Біз мұнда таулы-тасты аймақта ұшуды үйреніп жатырмыз. Қалай қону керек, желді қалай анықтау керек? Қалай шұғыл көмек көрсету керек? Сондай-ақ өрт сөндіру жағдайын да үйреніп жатырмыз осында.

Ғали Санжар, Азаматтық авиация академиясының студенті:

- Енді қалғаны – 1,5 сағат емтихандық ұшу. Өз қарым-қабілетімізді барынша көрсету керек. Нұсқаушылардың бізге үйреткен нәрселерінің бәрі емтиханда көмектеседі деп ойлаймын.

Шығыста шеберліктерін шыңдап жатқан жастардың қазіргі ойы – сынақтан сүрінбей өту. Армандары – санитарлық авиация саласында қызмет ету.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин