+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Шымкентте дауылдан кейінгі үйінді астынан туымызды алып шыққан қос азаматтың әрекеті көпке үлгі

  • Категория: Қоғам
Шымкентте дауылдан кейінгі үйінді астынан туымызды алып шыққан қос азаматтың әрекеті көпке үлгі

Шымкентте дүлей дауылдан соң қирандылар астынан көк туымызды алып шыққан қос азаматтың әрекеті көпке үлгі.

Тонналаған темірдің астына қаймықпай кіріп, байрақ үшін басын бәйгеге тіккендер елдің ықыласына бөленіп жатыр. Ал әлемдік додаларда ел абыройын асырып, көк туды желбіретіп жүрген спортшылар үшін айбарлы тудың орны қашан да ерек.

Шымкенттегі дүлей дауыл кезінде орталық стадионның шатыры шайқалып, футбол алыңына құлады. Қиранды астында адам қалып қойды деп үрейленген жанкүйерлер жанұшыра жүгірді. Жабылып жүріп шатырдың астын шолып шыққандардың арасында Әбілқайыр Дәулет те бар. Ол оқыс жағдайдан жарақат алған адамның жоқтығына көз жеткізіп, шатыр астында қалған көк туды алып шықты.

Әбілқайыр Дәулет, мектеп мұғалімі:

- Тонналаған профнастил, ағаш. Қанша адам көтеріп тұр. Үрей болады. Адам астында басылып қалса, өліп қалуы мүмкін. Бір жағынан халыққа да сендік. Сонымен бір күш пайда болды ма, еліміздің туын көргенде, үйіндінің астынан бірден алып шықтық. Ту деген – біздің тәуелсіздігіміз.

Бойындағы үрейін жеңіп, іркіліп қалмағандардың бірі – Нүркен Намаз. Әбілқайырға ілескен ол тұғырға байланған Туды шешіп, жабылып жүріп жылдам әрекет етті.

Нұркен Намаз, өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

- Барлық адам атсалысты. Шатырды көтеріп тұрды. Шатырдың салмағы аса ауыр болды. 3-4 жігіт болып туды алып шықтық.

Байрақ үшін басын бәйгеге тіккен Әбілқайыр Дәулет – тәуелсіздіктің құрдасы. Шымкенттегі №127 орта мектепте алғашқы әскери дайындық сабағынан оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелейді. Ал Нүркен Намаз – қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінде тілсіз жаумен күресіп жүрген құтқарушы.

Әбілқайыр Дәулет, мектеп мұғалімі:

- Бұл видео әлеуметтік желіде тарап кетеді деп ойламадық. Туды алып шығуды батырлық деп санамаймыз. Бұл кез келген Қазақстан азаматының қолынан келетін іс деп ойлаймын.

Ал ел спортшылары үшін айбарлы Тудың орны қашанда айрықша маңызға ие. Кәсіби мансабында 17 жекпе-жек өткізіп, бір рет қана тең нәтиже көрсеткен Ғалымжан Қанаев көк байрақты әлемдік додаларда желбіретіп жүр. Үлкен аренадағы сын сағатта жауапкершілік жүгі еселеп артқанда туға қарап рухтанатынын айтады.

Ғалымжан Қанаев, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Жеңіске жеткен кезімізде, байрақты көтерген кезде қазақ елі, бүкіл арена шулайды. Біз содан ләззат аламыз. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бала кезден арманымыз болды. Әрбір спортшының арманы – әлемдік ареналарда еліміздің туын көкте желбірету.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Мемлекеттік рәміздерді бойтұмарындай қастерлеп, ерлік көрсетіп жүргендер алтыннан абыройды, марапаттан парасатты жоғары қойды. Осылайша, «Байрақтың тек биікте жілбірегенін қалаймыз» деген азаматтардың әрекеті көпке үлгі. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...