Хабар телеарнасы

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барды

Ал өңірдің зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуде ашаршылық тақырыбындағы зерттеу жұмыстары сөз болды. Спикер бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра түсу қажеттігін жеткізді.

Жоғарғы палата төрағасы алдымен «Фараб» кітапханасында өңірдің зиялы қауымымен кездесті. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды жан-жақты талдап түсіндірді. Жиында тарихи сананы жаңғырту мәселесіне де назар аударылды. Сенат спикері бұл ретте соңғы жылдары белсенді қолға алынып, терең зерделене бастаған ашаршылық тақырыбындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Ашаршылық тақырыбына арналған жұмыстарды әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Бұл, бірінші кезекте, тарихи санамызды жаңғырту үшін қажет. Ал тарихи сананы жаңғырту дегеніміз – тәуелсіздікті нығайту, елдікті еңселі ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы негізгі қадамдардың бірі. Яғни бұл жұмыстардың артында ұлттық мүдде тұр.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев жиынға қатысушыларды Сенаттың қолдауымен нәубет жылдарға қатысты құнды деректер негізінде құрастырылған бестомдық жинақпен таныстырды. Жергілікті тарихшылар да ашаршылық тақырыбындағы зерттеулердің маңызды тұстарына тоқталып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Хазіретәлі Тұрсын, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Мен өз ұсынысымды айттым. Мұның ішіне ең маңызды құжаттар енгізілмей қалған. Ол енді сыймай қалған болуы да мүмкін. Бұл алдағы уақытта жалғасуы керек. Мен Ресей архивтерінде көп боламын. Соның ішінде ашаршылыққа қатысты, біздің қолымыз жетпей жүрген ең маңызды құжаттар Ресей Федерациясының федералдық қауіпсіздік қызметінің орталық архивінде жатыр. Олар өздеріне қатысты құжаттарды жариялады. Ал Қазақстанға қатысты құжаттарды іздеу керек, алу керек.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесті. Іс-шарада Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға тоқталды.

Сенат спикері қазіргі таңда тек білім алу өмірлік процеске айналғанын, жай ғана сауатты болу жеткіліксіз екенін жастарға түсіндірді. Дипломым бар деп тоқмейілсуге болмайды. Әрдайым ізденісте болу қажет. Өзіңді үздіксіз жетілдіріп отыру – жетістіктің негізі екенін жеткізді. Кездесу соңында жастардың сұрақтарына жауап берді.

Бекболат Тілеуберген, студент:

- Реформаларды жүзеге асыру, жастардың байланысы, коммуникацияны жастармен де нығайту керек екенін атап өтті. Алдағы уақытта ел Президенті жастарға ерекше қолдау көрсетіп, арнайы бағдарламаларды көбейтпек. «Серпін» бағдарламасы бойынша тек ауыл жастары емес, қала жастарын да солтүстікке қоныстандыру сөз болды.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Кентау трансформатор зауытының ұжымымен және өңірдегі бір топ әлеуметтік кәсіпкермен кездесіп, саяси реформалардың маңызына назар аударды. Кездесуде аймақтағы өзекті мәселелер, аталған салаға қатысты түйткілдер де жан-жақты талқыланды. Мәулен Әшімбаев айтылған пікірлер мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдар тарапынан пысықталып, Парламенттің заң шығару жұмысында ескерілетінін жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов