Хабар телеарнасы

Алматыда тағы екі метро бекеті іске қосылды

Осылайша алып шаһардағы метро желісінің ұзындығы 13,4 шақырымға жетті. «Енді метромен жүретін жолаушылардың саны да екі есе көбейеді», – дейді мамандар.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Алматы қаласының тұрғындары асыға  күткен Сарыарқа және Бауыржан Момышұлы атындағы метробекеті ашылды. Жеке өз басым қуаныштымын! Өйткені Наурызбай ауданының тұрғыны болғандықтан енді жұмысқа қатынау жеңілдей түседі. Тек қана мен емес, тұрғындардың басым көпшілігі қуаныштарын жасыра алған жоқ.  

«Сарыарқа» және  «Бауыржан Момышұлы»  метро бекеттері өткен жылдың желтоқсан айында техникалық тексерістен өткен болатын. Енді қолданысқа берілді. Жеті жыл бойы салынған бұл станциялардың құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 64 млрд теңге бөлінген. Метро желісінің ұзындығы 3 шақырымға ұзарып, төртвагонды 15 құрам қосылған.

Мақсат Сейітқұлов, «Метрополитен» КМК күрделі құрылыс қызметінің бас инженері:

-  Бұл бекеттер ашылғанға дейін тәулігіне 40-45 мың жолаушы метромен қатынаса, енді олардың саны 85 мыңға жетіп, яғни екі есеге көбейгелі тұр. Енді Абай көшесінің бойындағы көлік қатынасы жақсарады деген ойдамын.   

Жаңа бекеттердің келбеті көпшілік көңілінен шыққандай. «Сарыарқа» бекетінде дизайнерлер қазақ даласының кеңдігін, әсемдігін көрсетуге тырысыпты. Қабырғалары мәрмәр тастардан құрастырылып, гранитпен өрнектелген. Ал әзірше ең соңғы 11-ші бекет саналатын «Момышұлында» Бауыржан батырдың үлкен суреті салынып, қанатты сөзі жазылған. Платформасының ұзындығы – 108 метр. Енді мамандар 2025 жылға дейін «Қалқаман» бекетінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон