Хабар телеарнасы

Ақтөбелік тұрғын өндірісте қайтыс болған ұлының өтемақысын ала алмай жүр

Айтуынша, 2013 жылы жесір қалған. Екі жыл өте үлкен ұлы жұмыс орнында тоққа түсіп қайтыс болыпты. Бақыткүл апай олардың қаза болуына байланысты өтемақыны әлі күнге дейін ала алмай жүргенін және бұған дейін бірнеше рет құзырлы орган өкілдеріне арызданғанымен, тиісті төлем жасалмағанын айтты.

2013 жылы Бақтыгүл Нысаналинаның күйеуі көз жұмған, ал 2015 жылы тұңғышы жұмыс орнында қайғылы оқиғадан қаза тауыпты. Жұбайы «Қазақстан Теміржолы» компаниясының өңірдегі филиалында бас механик болып 21 жыл еңбек етсе, ұлы жол бойындағы бригадир қызметін атқарған.

Арнайы комиссия жүргізген тергеу амалдары жұмыс беруші тараптың толықтай кінәлі екенін анықтады. Артынша өткен сот отырысында да бұл дерек дәлелін табады. Жәбірленушінің айтуынша, әлі күнге дейін қос азамат қазасының ақысы өтелмеген.

Бақтыгүл Нысаналина, жәбірленуші:

- Өтемақы берілген жоқ. Берілсе, олардың «өтемақы берілді» деген құжаты болуы керек. Мен алдым деп қол қоюым қажет. Екі ортада құжат жүруі керек. Ешқандай құжат жоқ.

Облыстық соттың баспасөз хатшысының айтуынша, бұл іске қатысты шешім 2017 жылы шыққан. Жәбірленуші «Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясынан 1 млрд теңге көлемінде моральдық зиян мен 2 млн теңге материалдық шығынды және компанияның жергілікті филиалынан 10 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы талап етіп, сотқа жүгініпті. Олардың арызы ішінара қанағаттандырылған.

Гүлжанар Отарбаева, Ақтөбе облыстық соттың баспасөз хатшысы:

- Сот моральдық зиянның орнын толтыруды анықтау кезінде талап қоюшылардың басынан кешкен жан немесе тән азабының ауырлығын, мүліктік емес игіліктер мен өзіндік құқықтарының өмірлік маңызын назарға алды. Ақтөбе қалалық сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы шешімімен талап ішінара қанағаттандырылды. Талап қоюшының пайдасына 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян және қайтыс болған адамды жерлеуге жұмсалған шығыстарға байланысты материалдық залал, яғни 900 000 теңге өндірілді.

Істің ақ-қарасын анықтауға «Қазақстан Теміржолы» компаниясының өңірдегі филиал өкілдеріне хабарластық. Олар жәбірленушінің ұлы шойынжол бойында тоққа түсіп, қаза болғанын мойындап отыр. «Соттың үкіміне сай белгіленген 2 млн 900 мың теңгені дер кезінде аудардық», - дейді. Дәлел ретінде түбіртегі бар. Ал жұбайы болса, жұмыс орнында өз-өзіне қол салған. Сондықтан ешқандай өтемақы төленбейді. Бірақ отбасына марқұмды жерлеуге қолдау ретінге қаражат бөлінген. ҚТЖ компаниясы бұған дейін отағасына «ақысын бөліп төлерсің» деп берілген пәтерді ұлы қайтыс болғаннан кейін Бақытгүл Нысаналинаға тегін беріпті.

Хадиша Жұмабекова, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі» филиалы директорының орынбасары:

- Отбасының жағдайын ескеріп, пәтер ақысының 6 млн теңге қарызын кештік. Үш бөлмелі баспананы иелігіне бердік. Бұған дейін жолдасы мен ұлының үй үшін төлеп келген ай сайынғы қаражаты, яғни 1 млн 789 мың теңге кейін қайтарылды.

Жұмыс беруші тарап тиесілі қаржыны түгел өтедік деп отыр. Егер жәбірленуші төленген қаражат көлеміне разы болмаса, сотқа жүгінуге кеңес береді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков