Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы Алғабас тұрғындары сапасыз жолға наразы

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданындағы Алғабас ауылының тұрғындары: «Жөнделген жолдың рахатын көріп үлгермедік», – деп ашынады. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың күзінде аяқталған болатын. Бірақ келесі жылдың көктемінде тасжолдың талқаны шыққан.

«100​ миллион теңгеден астам ақшаға​ осындай жол салынады десе, сенбес едім», – дейді Алғабас ауылының тұрғыны​ Тоқтамыс Тұрсынов. Тіпті жолдың қазіргі түрін көріп, бұрынғысы жақсырақ па еді деп налиды.

Тоқтамыс Тұрсынов, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Жас баланың​ миы сияқты былқ-былқ етіп жатыр. Жолымыздың сиқы осы, ойдым-ойдым. Жүре алмаймыз, техникамыз​ сынады.

Баланың еңбегіндей былқылдаған жол жүргізушілердің жүйкесін де, көлігін де тоздырды.​

Әсет Мұхтаров, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Көлікпен жүру өте қиын. Мына жол дымын қалдырмайды.

Бақытбек Қалиев, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Былтыр тексергенде ұалыңдығы 3,5 см болып шыққан. Қазір 1,5 см болыпты, 2 см-ге де толмайды.

Сала басшылары: «Құрылысшылардан кінә жоқ», - дейді. Олар 120 миллион теңгеге тек 7 шақырымды​ жөндеуі тиіс екен. Бірақ халыққа көмегіміз болсын деп мердігер тағы 3 шақырымды өз есебінен жөндеген.​ Жұрттың наразылығын тудырған да осы 3 шақырым.​ ​ Дегенмен әкімдік бұл учаскені​ қайта жөндейтін болды.​

Мақсат Әкрамов, Күршім ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 3 шақырым жолдың астына қайтадан дренаж, труба салып жөндеу жоспарда бар. Оған бюджеттен ақша сұрап, өтінім беріп қойдық. Кемінде 50 млн ақша керек.

Жалпы ауылды аудан орталығымен қосатын​ бұл трасса​ ​30 жылда бірінші рет жөнделген.​ ​Оның соңы осындай болды.​

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов