Хабар телеарнасы

Тау-кен металлургия саласы импорттан арылуда

Өнім алуда қолданылатын ауыр техникалардың дені импорттық болып келеді. Ал оған қажет бөлшектерді қазақстандық кәсіпорындарда жасауды қолға алған. Яғни тау-кен метталургия саласы біртіндеп импорттан арылуда. Осы бағытта сала мамандары қандай іс атқаруда?

Қарағанды құю-машина жасау зауыты – ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорын. Жыл сайын тау-кен және де мұнай-газ саласында қажет 10 мың тоннаға жуық сапалы қондырғы жасап шығарады. Өнімнің 90% отандық шикізаттардан құралған.

Жәнібек Байғабылов, «Мэйкер» ЖШС басқарма төрағасы:

- Пандемия кезінде карантин болғанда импорттық тауарларды тасымалдауда үлкен қиындық туды. Сондықтан біз қажет өнімдерді өзіміз жасай бастадық. Бұған дейін Қазақстанда жасалмаған заттарды шығаруды үйрендік. Атап айтқанда, шарлы диірмендер, стерженьді жинақтар. Бұлар – жерасты жұмыстарына арналған бөлшектер. Өзгерістердің арқасында өндіріс көлемін екі есе ұлғайттық.

Кәсіпорын жаңа кадрларды даярлауғада ден қойған. Ақпан айында отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында «Қазақмыс» корпорациясымен облыстық әкімдік арасында 25 млрд теңгенің меморандумы жасалған.

Жалпы отандық тауар өндірушілерді қолдау жайын айтатын болсақ, былтыр «Казцинк» компаниясы қазақстандық кәсіпорындардан 500 млрд теңге көлеміндегі өнімін, «Қазақмыс» корпорациясы 352 млрд, ал Еуразиялық топтың кәсіпорындары 800 млрд теңгеден асатын тауарларды сатып алған.

Төлеген Мұқанов, «ТМК» республикалық қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары:

- Олар қандай тауарларды алады? Мысалы, трансформаторды алайық. Өте керек нәрсе. Рудникте, барлық шахтада мен кәсіпорында бар. Трансформаторды бұрын Ресейден алатын. Қазір Қазақстанда шығаратын зауыттар бар. Кабель өнеркәсібін алсақ, бізде Павлордарда «Қазэнергокабель» деген зауыт бар. «Қазақмыс» корпорациясы көп өнім шығарады.

Шетелден таситын тауарларды өзіміздікіне алмастыру ісі бұнымен тоқтамақ емес. Импортты алмастыру үшін Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында 25 мамыр күні «Тау-кен металлургия кешеніндегі ішкі құндылықты дамыту» тақырыбында аймақтық көрме-форумы өтеді. Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қатысады деп жоспарланған.

Авторлары: Риат Шони, Тоқтар Терлікбаев