Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысы Қ. Медетов атындағы өнер мектебі әбден тозған

Нысанды талапқа сай жөндеп, қайта-қайта жаңарту тиімдісіздігін көрсеткен. Себебі 1942 жылы салынған әйгілі күйші Қамбар Медетов атындағы өнер мектебінің қабырғалары тозып, шөге бастапты. Ал мұндағы үйірмелерге келуші оқушылардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Сондықтан жаңа ғимарат қажет.

Бұл – өнер мектебі ұжымының қазір қолға алып отырған шарасы. Әзірге басқа амал жоқ. Себебі өткен ғасырдың орта шеніне таяу салынған нысанның жалпы аумағы 300 шаршы метр шамасында. Ал бөлмелері өте тар.

Айжан Өксікбаева, мектеп директорының орынбасары:

- Бір залды екі-үшке бөліп қойғанын көріп отырсыз. Соған қарамастан біздің мұғалімдер жұмыс істеп жатыр. Олар әр баламен жеке жұмыс істейді. Ал топтық жұмыс – хореграфия және бейнелеу өнері.

Бүгінде мұнда 504 бала екі ауысымда білім алады. Олар дәстүрлі ән, би, күй, домбыра, фортепиано және өзге де бағыттар бойынша үйірмелерге қатысып жүр. Бөлмелер тар болған соң, үлкен залда бірден бірнеше өнер түрі дәріптеледі. Ал би дәлізде өткізіледі.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Мәселен, мына ән-күй класы бар болғаны 4 шаршы метр. Ал қарама-қарсы орналасқан баян класы да дәл осындай көлемде. Тіпті екі адамның өзі әрең сияды. Мұғалімдердің айтуынша, қазір мектептің іргетасы да шөге бастапты.

Өнер мектебінің қазіргі жайына қарамастан, дарынды балалардың жеткен жетістіктері көп. Аудан мен облыс намысын талай республикалық және халықаралық байқауларда қорғап, жүлделі орындарды иемденген. Ал ғимаратқа бұған дейін екі рет күрделі жөндеу жүргізіліп, есік-терезелері, едені және жылу жүйесі ауыстырылса да, мәселе толық шешілмепті. Қыс кезінде нысан іші жылымайтын көрінеді.

Нұржан Әшімов, Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Бізде аудан бойынша екі қосымша білім беру мекемесі бар. Екі мыңға жуық оқушы білім алады. Өнер мектебінің сыйымдылығы аз болған соң, музыкалық білім алғысы келетін балаларға мүмкіндік болмай тұр. Егер жаңадан ғимарат салынса, қосымша білім алатын оқушылардың саны көбейер еді.

Өнер-білімге құштар балалар саны көбейген соң, өнер мектебіне осыдан төрт жыл бұрын көрші тұрған бұрынғы Достық Үйі қосымша берілген. Алайда оның да ескіргені байқалады. Мектеп ұжымы ол ғимаратта тек мереке күндері концерт өткізеді. Ал бұл мәселеден хабардар жергілікті билік өкілдері дарынды балалар үшін жағдай жасайтындарын айтып отыр. Қазірдің өзінде жалпы құны 700 млн теңгеден асатын жаңа нысанның жоспары әзірленген.

Нұрмахан Құлшанаев, Мәртөк аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Екіқабатты ғимарат 2000-нан астам шаршы метрді қамтиды. 120 орындық концерттік залы бар. Екі мектепті сол жерге қосып, «Өнер орталығын» ашу жоспарымызда бар.

Бүгінде Мәртөк ауданы бойынша бес мыңнан астам оқушы бар. Мамандардың айтуынша, оның жартысына жуығы қосымша біліммен қамтылған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев