Хабар телеарнасы

Референдум халықтың мемлекетті басқару ісіне араласуына мүмкіндік береді

Алматыда «Конституциялық реформа Жаңа Қазақстанның саяси-құқықтық негізі ретінде» деген тақырыппен өткен конференцияға қатысушылар осылай деп пікір білдірді. Шараны  философия саясаттану және дінтану институты ұйымдастырды.

Жалпыхалықтық референдум ел тарихындағы маңызды кезең болары анық. Атап айтқанда,  мемлекетті басқару ісіне халықты қатыстырып, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін көтереді. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу мәселелеріне назар аударылады.  

Бақытжан Сатиршинов, философия ғылымдарының докторы:

- Осыған дейінгі Конституциядағы өзгерістер мен толықтырлар бұл суперпрезиденттік бағытты күшейтуге негізделген өзгертулер болатын. Ал бұл керісінше Парламенттің өкілеттігін арттыратын, Үкіметке есеп беру жағын күшейтуге бағытталған өзгерістер.

Көпшілік Конституцияның жаңа редакциясы демократиялық бағытта жазылады деген пікірде. Себебі бұл жолы өзгерістер бұрынғыдай Парламентпен шектеліп, жабық есік жағдайында қабылдана салмайды. Керісінше халықтың назарына ұсынылады.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай тәсіл бүкіләлемдік тәжірибеде бар. Ал өткен қателіктер біз сияқты жас дамушы мемлекет үшін үлкен сабақ болары анық. Жаңа Қазақстанды құрудағы мақсат осы.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов