Хабар телеарнасы

Қарқаралы ауданы Қасым ауылының оқушылары апатты мектепте оқып жатыр

Жыл өткен сайын ғимараттың қабырғасы сөгіліп барады. Ұстаздар мен ата-аналар балаларының өміріне алаңдаулы. Мәселені билік басындағыларға сан мәрте жазғанымен, нәтиже болмай тұр. Сонымен ауылға жаңа мектеп қашан салынады?

Қасым ауылындағы орта мектептің іргетасы 1989 жылы қаланған. Көп кешікпей қабырғалары жарыла бастайды. «Себебі әу баста құрылыс орны дұрыс таңдалмаған», - дейді ауыл тұрғындары. Білім ошағының асты бір кездері терең шұңқыр болыпты. Кейін оны топырақпен тегістеп, үстіне мектеп салған. Ал 2005 жылы қауіп төнген соң темірмен тартып тастайды.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Мектептің төрт қабырғасын қазіргі күні темір құрсаулар ғана ұстап тұр. «Бірақ соған қарамастан жыл өткен сайын қабырғалары сөгіліп келеді», - дейді мұғалімдер. Бұл әсіресе қыс мезгілінде анық көрінеді екен.

Мақсат Оспанқұлов, №19 мектептің директоры:

- Күн ысығанда қабырға қайтадан қалпына келеді. Аязда жарылғаны байқалады. Оны біз суретке түсіріп, мектептің апатты жағдайда екенін айтып, жыл сайын аудандық білім бөліміне хабарлама түсіріп отырамыз. Төбедегі плиталар майысып кеткен. Осыдан бірнеше жыл бұрын математика кабинетінің екі плитасы майысқан соң, үш жыл қатарынан жауып қойғанбыз.

Мамандар өткен жылы ғана мектептің техникалық жағдайына сараптама жасап, апатты деген қорытынды шығарады. Құжатта тіпті кешікпей сүрілу қажеттігі де айтылған. Бірақ соған қарамастан қазір мұнда 200-ден астам бала оқып жүр. Ал 70-ке жуық адам жанын шүберекке түйіп еңбек етуге мәжбүр.   

Құмар Әшімов, мектептің шаруашылық жетекшісі:

- Қабырғаны тескен кезде тоқтың жүйесін ағытпаған. Мектептің төбесінен су кеткеде, қабырғаның бәрі дымқыл болған кезде біздің қызметкерлер, еден жуушылар қолдарымен қабырғаны ұстаса, тоқ соғады.  

Билік басындағылар бұл жағдайдан хабардар. Мұнда жаңа мектеп 2022-2025 жылдар аралығында салынуы тиіс екен. Бірақ алты ай өтті, әлі күнге құрылыстың жобалау сметалық құжаты дайын емес. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының берген жауабында құжаттың мемлекеттік сараптамасы осы күнге дейін шықпаған.

Азамат Дәулетбаев, Қарқаралы аудандық мәслихатының депутаты:

- Жаңа мектеп салады деп айтады. Бірақ әлі жобалау сметалық құжаты дайын емес. «Биыл салмаса келесі жылы салады, 2023 жылы салмаса 2024 жылы салады», - деп шегіндіре береді.

Ниязбек Шаймерден, Қ. Аманжолов ауылдық округінің әкімі:

- Жер комиссиясының қорытындысы дайын болды. Біздің тарапымыздан 200 орындық жаңа мектеп салу жөнінде өкім шықты. Кадастрлық нөмері қолымызда бар. Электр тоғын жүргізуге, су жүйесіне қатысты техникалық шарттар жасау керек болды. Ол құжаттары да қазір дайын. Тек ақша бөлінуін күтіп отырмыз.

Мамандардың айтуынша, екіқабатты жаңа мектеп салу үшін шамамен 1 миллиард теңге қаражат қажет. Бірақ ол қашан бөлінеді, әзірге белгісіз. Ал ауыл балаларына апатты мектепте оқудан басқа амал жоқ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар