Хабар телеарнасы

Ақмола облысындағы Көктерек тұрғындары ауылға көпбалалы отбасыларды шақырып отыр

«Көшіп келгендерге жұмыс беріп, үй алуға да жәрдемдесеміз», - дейді жергілікті тұрғындар. Олардың сөзінше, ауылды осылай ғана сақтап қалуға болады. Себебі соңғы жылдары елді мекеннен қалаға қоныс аударатындар көбейген. Соның салдарынан ондағы тоғызжылдық мектеп те жабылудың аз-ақ алдында тұр.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Көктерек ауылы облыс орталығы Көкшетаудан 60 км, ал аудан орталығы Зерендіден 10 км жерде ғана орналасқан. Мұнда қазір 60-тан астам түтін бар. 200-ге жуық халық тұрады. Алайда тұрғындардың саны жыл өткен сайын азайып барады.

Ал елді мекенді сақтап қалудың жалғыз жолы – мектептегі бала санын көбейту. «Себебі білім ошағы – ауылымыздың жүрегі», - дейді, тұрғындар. Мұндағы оқушылар болса, нысанның жобалық қуаттылығынан қазір екі есе аз.

Қарлығаш Маннанова, мектеп директоры:

- Мектеп 60 оқушыға арналған. Алайда қазір 27 бала ғана оқып жатыр. Әрі бұл сан жыл өткен сайын кеміп барады. Мәселен, 2020 жылы 31 бала оқыса, былтыр 29 оқушы білім алды. Қазір әр сыныпта 3-4 баладан ғана бар. Биыл 9-сыныпты 2 оқушы бітіреді. Сөйтіп, келесі жылы 25 бала ғана қалады.

Ал оқушылардың қатарын толықтыратын ауылда мектеп жасындағы басқа бала жоқ. Себебі жастардың көбі қалаға көшіп кеткен. Қалғандары – тек ересектер мен қариялар ғана. Ауылдың болашағын уайымдаған үлкендер жағы қазір осы мәселемен бас қатырып жүр.

Жәрия Хамзина, Көктерек ауылының тұрғыны:

- Мектебімізді жаппаса екен дейміз. Мектеп жабылса, ауыл да жабылады ғой. Осы елге тұрғындар келсе екен, бала-шаға болса екен дейміз. Бос үйлер көп. Соларға кісілер келіп тұрса, жақсы болар еді. Ауа райы, табиғаты жақсы жер.

«Ал ауылымызға көшіп келетін көпбалалы отбасыларды құшақ жая қарсы алып, қолдан келген көмегімізді аямаймыз», - дейді жергілікті тұрғындар. Айтуларынша, бос тұрған 10 шақты үй бар, жұмыс та табылады.

Сәбира Шуматова, Көктерек ауылының тұрғыны:

- Жұмыс бойынша айтсақ, бізде ең бірінші үлкен ТОО бар. Осы ауылдағы көп азамат сол жақта жұмыс істейді. 3 КХ бар. Олардың да жұмысшылары бар.

Ал мұндағы сатылатын үйлердің бағасы жағдайына қарай 500 мың теңгеден басталып, 1,5-2 млн теңгеге дейін жетеді. Айта кетейін, ауылдың туристік әлеуеті де зор. Елді мекен қыраттың етегі мен қайыңды орманның баурайында орналасқан. Жалпы соңғы 10 жылдың ішінде аймақта мектебі жабылып, халқының азаюы себепті 30 шақты ауыл картадан жойылып кетті. Көктеректің де тұрғындары осыған қатты алаңдаулы.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный