Хабар телеарнасы

Құжаттағы шикіліктің салдарынан елордалық отбасы баспанасыз қалуы мүмкін

Салдарынан келісімшарт күшін жойып, баспана мемлекет меншігіне өтіпті.

Фазылбек Мұстановтың үй мәселесі бойынша бармаған жері, баспаған тауы қалмады. 2009 жылы ол жаңадан салынып жатқан пәтерді үшжақты келісімшарт бойынша сатып алыпты. Құрылысы аяқталып, тапсырылуына небәрі 2 ай қалғанда кенеттен құжат күшін жойған. Сөйтіп, пәтер Фазылбектің емес, әкімдікке қарысты тұрғын үй қорының иелігіне өткен.

Фазылбек Мұстанов, қала тұрғыны:

- Бір жарым айдан кейін қарасам, ол үй әкімдікке өткен. Түсінбей қалдым. Жігіттердің бәрін жинадым да, кіреберіс, есік, үйдің бәрін бұзып, кіріп алдық. Сол үйде қазір 12 жыл болды тұрып жатырмын. Бірақ менде құжат жоқ, үй менің атымда емес.

12 жыл бойы сот отырыстарында ақиқатын дәлелдеуге мүмкіндік тумағанынан отағасы әбден ашынған. Бүгінде сот шешімі бойынша бір айдың ішінде үйді босатуы тиіс. Алайда ол: «Екі баламен далада қала алмаймын», – дейді.

Фазылбек Мұстанов, қала тұрғыны:

- Түсінбеймін, мен соңғы тиынына дейін сотта бәрін дәлелдедім, көлігімді саттым, не бар, бәрін сатып, пәтер алғанмын. Енді олар бәрін алып қойып тұр. Менде қазір ешнәрсе жоқ қой. 

Тұрғын үй қорының мамандары келісімшарттың бұзылу себебін былай түсіндірді.

Арманай Оңғарбаева, Нұр-Сұлтан қалалық Тұрғын үй қорының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

- Ол үйді сатып алмай тұрып, яғни қандай да бір шарттарға келіскен болатын. Яғни үйді сен аласың, толыққанды сенікі болады, тек қана сен бұл үйді мына компания құрылыс жұмыстарын толыққанды өткізгенде ғана деп айтқан болатын. Алайда жаңағы WST компаниясы сол кезде толығымен құрылыс жұмыстарын өткізбеген. Сол себепті жаңағы шарт бұзылады. Мұстанов Фазылбекпен жасалған шарт та бұзылады. Сондықтан 2019 жылы бұл үйді мемлекет, яғни құрылыс басқармасы өзінің баланысына алады, яғни сатып алады.

Тұрғын үй қоры мамандарының сөзінше, ендігі қолдан келер шара үйді емес, үйге құйған қаражатты өндіріп алу ғана. Бұл пікірмен адвокат та келіседі.

Әлия Құлыбекова, адвокат:

- Нақты бұл жағдайда ақшаны алған компаниядан қаражатты өндіріп алу туралы сотқа жүгінуге кеңес берер едім. Ол үшін мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Бұл – өндіріп алынатын ақшаның 1%.

Жалпы қазіргі уақытта келісімшарт жасасар кезде көп адам қол қоятын құжаттарын мұқият оқымайды. Салдарынан талайы ақшасынан айырылып, жүйкесі жұқарып, уақытын жоғалтады.

Әлия Құлыбекова, адвокат:

- Көбіне мұндай проблемалар аяқталмаған тұрғын үйді төмен бағамен сатып алғанда жиі кездеседі. «Тезірек алсам болды» деп жеңіл ойлағандықтан, адамдар  тіпті шарттың міндет-талаптарына көз жүгіртіп те қарамайды. Құжат екіжақты емес, үшжақты болған жағдайда екі есе мұқият болу керек. Мен адвокат ретінде мұндай келісімдерді нотариалды куәландыруға кеңес беремін.

«Мұндай жағдайға тап болмас үшін құжаттарға қол қоярда заңгерге, болмаса нотариусқа жүгіну керек», – дейді мамандар.

Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев, Азамат Саметов