Хабар телеарнасы

Қызылордада «Экомарафон-2022» ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Айтулы шара барысында Арал ауданында отандық және шетелдік экологтардың қатысуымен ғылыми-тәжіребиелік конференция өтті. Келелі басқосуда кіші Арал теңізін сақтап қалу, трансшекаралық өзен суын тиімді пайдалану, қуаңшылықпен күрес мәселелері талқыланды.

Экомарафон «Көкарал» бөгетінен басталды. 2005 жылы салынған гидронысан Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі су деңгейін көтеруге көмектесті. Балық көбейіп, тіршілік жанданды. Дегенмен теңізге нәр беретін жалғыз өзен Сырдария суының жыл сайын азаюы мамандарды алаңдатып отыр. «Траншекаралық өзен суын пайдалануда ысырапшылдыққа жол беріле берсе, экологиялық апат тағы қайталануы мүмкін», – дейді ғалымдар.

Николай Аладин, Зоологиялық институттың профессоры /Ресей/:

- Су болмаса, балық та болмайды. Өзеннің бүгінгі жағдайын көріп, жанымыз ауырды. Қанша қаражат жұмсалды, күш кетті. Бірақ Аралға су жетпей жатыр. Бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Ертерек шешім қабылданбаса, болашағын елестету қиын.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мына тұзы шығып, шаңы ұшып жатқан жер кезінде үлкен порт болған. Шалқыған теңіздің етегі Арал қаласына тиіп тұрған. Қазір сол порттың мынадай жүк тиеуші крандары көненің көзіндей дат басып тұр. Дегенмен жұртшылықтың көңілінде үміт бар. Теңіз орала ма? Бүгінгі теңіздің кепкен ұлтанына су тамызу рәсімі айтулы проблемаға әлем назарын аудару үшін қолға алынған.

Экомарафонға шетелден және ел өңірлерінен келген қонақтар бір-бір құты су ала келді. «Теңіз тамшыдан құралады» деген тәмсілді ұран еткен олар өздерімен ала келген суды теңіз табанына тамызды. Тасаттық жасалып, құрбандық шалынды.

Сүлейман Каракая, экомарафонға қатысушы /Нидерланды/:

- Менің ұлтым – түрік. Голландиядан келдім. Аралды құтқару қорымен тығыз жұмыс істейміз. Арал тағдыры тек қазақстандықтарды ғана емес, барша әлемді толғандырып отыр деуге болады. Мен де бұл мәселені шешуге тамшыдай болса да үлес қосқым келеді.

Ғылыми конференцияда экологтар теңізді толтыруға қатысты түрлі ұсыныстар айтты. Өзен бойындағы елдердің су пайдаланудағы келісімін жаңа деңгейге көтеру, мақта мен күріш егуді азайту, экологиялық қауіпі бар өндірістерге жол бермеу және өзге су көздерін теңізге бұру секілді өзекті мәселелер талқыланды. Онлайн байланыс арқылы шетелдік ғалымдар да ой қосты.

Көлбай Данабай, экологиялық ұйым өкілі:

- Жасанды жолмен жаңбыр жауғызу арқылы жерді құнарландыруға, табиғатты қалпына келтіруге болар еді. Жерасты суларын да зерттеп, Аралға қосса, Арал теңізінің қалпына келуіне мол мүмкіндігі бар деп есептейміз.

Басқосудағы барлық ұсыныстар жинақталып, тиісті салаларға жолданады. «Теңізді толтыру тұрғысындағы нақты шаралар жалғасын табады», – дейді экомарафон қатысушылары.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин