06:00Әрі қарай:
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Батысқазақстандық отбасы жауынқұрттың көмегімен тыңайтқыш өндіре бастады

  • Категория: Қоғам
Батысқазақстандық отбасы жауынқұрттың көмегімен тыңайтқыш өндіре бастады

Батыс Қазақстан облысының Жусандыой ауылында бау-бақша өсірумен айналысатын отбасы енді биогумус өндірісіне бет бұрды.

Олар жауынқұрттардың көмегімен малдың көңін сапалы тыңайтқышқа айналдырады. Табиғи өнімге сұраныс артқан. Тіпті көрші облыстан да тапсырыс түседі екен.

Шаруа Жаулыбай Хабиев бау-бақша егумен айналысады. Үш ұлы оған қолғабыс етеді. Ортаншысы Елдос бірер жыл бұрын биогумус өндірісін қолға алуды ұйғарған. Жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз грант беріліпті. Ол қаражатқа калифорниялық шылаушындар мен илеу жабдығы сатып алынған. Қазір бұл шаруашылық отбасылық бизнеске айналды.

Жаулыбай Хабиев, Жусандыой ауылының тұрғыны:

- Осылай миллион құрт алып келді. Оны жерсіндіріп, бағып отырған жайымыз бар. Бұл тыңайтқыш жерге өте пайдалы.  БҚО-да ондай көп дамымаған. Қандай сумен суарасың, сол суға үйренуі керек. Бұған қаладағы хлорлы су болмайды. Оған өліп қалады. Мысалы, ауылда хлорлы су жоқ. Өзіміз құдықтан суарамыз. Сосын температураны қадағалау керек. Су қатпайтындай етіп ұстаймыз. Қыста газ жағып қоямыз. 

Малдың көңін өндіріске бірден пайдалануға болмайды екен. Шаруа алдымен қиды тау қылып үйіп, бірнеше ай кептіреді. Содан кейін ғана шылаушындарға тастайды. Жыбырлаған жауынқұрттар – өндірістің негізгі жұмысшылары. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Шаруа қыс бойы дайындалған тыңайтқышты қазір сыртқа шығарып жатыр. Алайда бәрін емес, тек жартысын ғана шығарады. Кейін оның орнына жаңа көң төгеді. Сонда дайын болған тыңайтқыштағы құрттар өздігінен жаңа көңге көшетін көрінеді.

Сапалы тыңайтқышқа сұраныс артып келеді. Жергілікті кәсіпкерлермен қатар, Атыраудан да іскер жандар тапсырыс береді екен. Бұл шірінді – жылыжай, бау-бақша мен гүлзарларға таптырмайтын өнім. Еңбекқор отбасы әзірге жылына 10 тонна шамасында биогумус өндіріп отыр.

Жаулыбай Хабиев, Жусандыой ауылының тұрғыны:

- 5-6 қапшық алып кетіп, келесі жылы қайтадан сұрайтындар бар. Сұраныс өте жоғары, бірақ кеңейту керек. Кеңейтейін десек, орын жетіспейді. Жер, құдық, жарық керек. Оның бәрі болашақтың еншісінде. 

Бекболат Бақытжанов, Жусандыой ауылдық округінің әкімі:

- Жер мәселесін маған қарауға ұсынды. Қазір сәйкес келетінін таңдап жатырмыз. Жарықтың, газдың тоғы барып тұрған бір гектар жерді пайдалануға рұқсат беріп отырмыз.

Шаруалар қосымша жер алып, жылыжай үлгісінде нысан салса, жылдық өнім көлемін 10 есе ұлғайтуға болатынын айтады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...