Хабар телеарнасы

Қостанайда 12 үй отқа оранды

Естеріңізге салайық, кеше облыс орталығында 12 үй жанып кеткен болатын. Абырой болғанда, қаза тапқандар жоқ. Қазіргі кезде зардап шеккендерге моральды, материалды көмек көрсетіліп жатыр. Алапат өрттің себеп-салдарын анықтап, зардабын жою үшін шұғыл штаб құрылды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Өрт өзен жиегіндегі қамыстан басталған. Желдің қатты екпінімен ол жағалаудағы үйлерге ауысқан. Оттың тез күш алғандығы соншалық, бас-аяғы бір-екі сағаттың ішінде жағалау бойындағы 12 үй күл болып жанып кеткен. Үй иелері тіпті құжаттарын да алып шығып, үлгіре алмай қалған. 

Үйсіз-күйсіз қалған Смирновтар отбасы әзірге көршілерін паналап отыр. «Шиек ғасыр жиған-тергенімізден түк қалмады», - дейді. Зейнет жасындағы қариялар тілсіз жау тырнағынан екі немересін әрең құтқарып қалған. 

Александра Смирнова, қала тұрғыны:

- Үстіміздегі бар киімімізбен далаға атып шықтық. Айнала қара түтін. Ештеңе алып үлгірмедік. Тіпті барлық құжатымыз да жанып кетті. Көмектесеміз деп жатыр. Баспана беретін шығар. Біздің баратын басқа жеріміз жоқ.

Зинаида Денега жұбайымен бірге қазір оңалту орталығында тұрып жатыр. Барынан айырылған қариялардың көңілі пәс. Өрт кезінде ұсақ-түйек мал, құстары да қырылып қалған.

Зинаида Денега, қала тұрғыны:

- Үй, жиһаз, автокөлік бәрі жанып кетті. Қырық жыл жинаған дүниеміз бір мезетте жоқ болды. Осылайша, жалаң қалдық. Әзірге оңалту орталығында тұрып жатырмыз.

Оңалту орталығына бес отбасы орналастырылған. Әлі де келіп жатқандар бар. Олардың барлығы жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.

Дінмұхамед Спанов, оңалту орталығының директоры:

- Тұрғылықты жермен, тамақпен толық қамтамасыз етеміз. Жеке адамдар да көмек көрсетіп жатыр. Сабын, тіс пастасы сияқты гигиеналық заттар жеткілікті. Ас-тағамнан ешқандай зәрулік жоқ.

Бұл өрт қалалық деңгейдегі төтенше жағдай деп танылды. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетілді. Әр отбасына азық-түлік және 200 мың теңгеден ақша берілді. Бұл – сырттан тартылған қаржы. Одан бөлек әлеуметтік қорғау жүйесі бойынша 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай қолдау қаралған. Қазір оқиға орынында комиссия жұмыс істеп жатыр. Өртке оранған үй-жайлар мен мал-мүлік есептеліп, шығын мөлшері анықталады.

Марат Жүндібаев, қала әкімі:

- Шығын анықталғаннан кейін, тиісінше өтемақы мөлшері де мәлім болады. Ол мемлекеттік бюджет есебінен беріледі. Осындай жағдайларға қаралған қорда қаржы бар. Қазір ол заңды тұрғыда қалай жүзеге асатыны қаралып жатыр.

Төтенше жағдайды жою жөніндегі шұғыл штаб зардап шеккендермен үнемі байланыста. Қажет жағдайда қандай бір көмек көрсетуге дайын.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров