Хабар телеарнасы

ҰОС ардагерлері бүгінгі ұрпақты бейбіт күннің қадірін білуге шақырды

Жастары тоқсанды алқымдаған қариялармен кездесу тарих бетіне сіңіп кеткен естеліктерді ақтарумен тең. Ардагерлер отты жылдардағы өмірлерін еске ала отырып, бүгінгі ұрпақты бейбіт күннің қадірін білуге шақырды. Ел тыныштығын көздің қарашығындай сақтауға үндеді. Халықты Жеңістің 77 жылдығымен құттықтады.

Құрмат Рахимов жақында 98-ге толады. Кеудесі орденге толы қария «көздің көруі,құлақтың естуі, аяқтың жүруі» қиындады десе де, сырт көзге сырын бермеген. Сымдай тартылып тұр. Құрмат Рахимов майданда Литваны, Беларусьті азат етіп, Кенисгбергті алуға қатысты. Қарт жауынгер өзіне арналған қошеметті ерекше толқыныспен қабылдады.

Майдангер соғыстан кейінгі жылдары ішкі істер саласында қызмет еткен. Сондықтан да жас әріптестерінің салтанатты құттықтауына ерекше риза болды. Ол өмірден қайтқан ардагерлерді еске алып, сондай сұрапыл соғыстың енді жер бетінде қайталанбауын тіледі және жиналғандарға ақ батасын берді.

Құрмат Рахимов, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Арыстандай айбатты болсын, дұшпаның болмасын! Талаптанған ұрпақтың жолы ашық әрі жарық болсын!

Ал Владимир Тимошин 40-шы жылдары әскери тілші әрі байланысшы болды. Сол кезде түсірген фотосуреттері қазір баға жетпес естеліктерге айналған. Минск түбінде ауыр жараланған Владимир Иванович сонда да штабты байланыспен қамтамасыз етіп, жанкештілігімен көзге түскен.

Зоя Ларионова – тыл ардагері. Соғыс жылдарындағы оның басты міндеті –  әскерді  азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуге атсалысу болды. Әжейге далада дайындалған солдат ботқасы ұсынылды.

Зоя Ларионова, тыл еңбеккері:

- Солдат ботқасын жеп көрмедік десем де болады, өйткені ол кезде барлығын соғыстағы жауынгерлерге жібердік. Ал өзіміз қалған-құтқанды талғажау еттік.

Жалпы майдан даласына, от пен оқтың ортасына 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. 700 мыңнан астам жерлесіміз еңбек армиясының қатарында болды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин