Хабар телеарнасы

ҰОС-ға қаржылай көмектескен қазақстандықтар туралы тарихи бейнекадрлар табылды

Ондай жомарттар бізде баршылық. Алайда соғыстан кейінгі кезеңде олар жайлы айтылмады, бертін келе тіпті ұмытыла бастады. Әйтпесе тіпті танк колоннасын жасатқан ауылдар бар. Мұрағаттар мен бейнеқорларда сақталған деректер не дейді?

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Телеарна болған соң, алдымен бейнежазба түрінде сақталған мұраларды зерттеуді жөн көрдік. Еңбегіміз еш кетпеді. Бір апта айналасында тақырыпқа сай талай таспаны таптық. Соның біреуіне жеке тоқталғымыз келіп тұр. Мұнда Қалпе Бердібеков деп белгіленген жазба бар. Кейіпкеріміз соғыс жылдары Отанды қорғау қорына қомақты қаражат аударыпты.

Ол сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында тұрыпты. Ал қаражат қандай мақсатқа жұмсалды деген сұрақ жауапсыз қалған. Өзіміз іздестірдік. Артында қалған ұрпақтарын таптық. Мына сәбиді көрдіңіз бе? Ол – Қалпе Бердібековтің кенже ұлы. Балақайдың өзі – бүгінде бір әулеттің ақсақалы. Қазір Елордада тұрады. Біз тапқан видеодан әкесінің бейнесін анықтап алғаш көруі.

Адамбек Қалпеұлы:

- Әкем кішкентай кезімде сырқаттанып қайтыс болды. Видеосын көрдім, өте қуаныштымын. Әкеміз ел-жұрт айтқандай жомарт жан болған екен. Ақшаға ұшақ пен танк істеткен.

Жобамен айтқанда 1 млн 36 мың ақшаға сол кездері 5-6 ұшақ және ондаған танк жасауға болатын. Бұл Қалпе Бердібековтің жеке қаражаты болатын. Оның артында қалған ұрпақтан бүгінде отыз шақты немере, қырық шақты шөбере тараған. Жастардың кейбірі студент. Ересектері түрлі салада ел дамуы үшін еңбек етіп жүр. Кейіпкеріміздің жеңіске қосқан қомақты үлесі жергілікті басылымдарда шыққан бірнеше мақалада болмаса өз дәрежесінде дәріптелмей қалған.

Адамбек Қалпеұлы:

- Әкеміздің еңбегін бағалап, ауданымыздың не болмаса өзіміздің тұрған жердің көшесін, мектептің атын берсе деген арманымыз бар.

Тарихшылардың айтуынша, мұндай мысалдар бізде жетерлік. Оның бірқатары тіпті құжатталмаған болуы мүмкін немесе ол құжаттардың қайда қалғаны белгісіз. Десе де ел арасында сақталған естеліктер көп.

Амангелді Нұркейұлы, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Ақмола облысында Оразақ деген ауыл бар. Сол жақта Назаров Әкімжан деген атамыз болған екен. Ұжымшарды басқарып тұрғанда халықты біріктіріп, танк колоннасын жасауға ақша жинаған. Жеке өз басы Үкіметке 116 мың сом өткізген екен. 

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстаннан 8 млрд рубль жиналыпты. Соның 4,7 млрд-ын қазақтың байлары берген. Одан қалды әр отбасы 50 келі ет, 3 келі сары май тапсырған.  

Қазақтар соғыс даласында да алдыңғы шепте жүрді. Хабар-ошарсыз кеткендері қаншама?! Марқұмдардың жерленген орны жайлы деректер әлі күнге табылуда. Сондай хабардың бірі жуырда Смоленск облысынан келді. 134-ші атқыштар дивизиясының жауынгері Әбдіәлі Бәкіров осында жерленіпті. Немерелері 77 жылдан кейін атасының қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып салды.

Нұржан Әбдіәлиев, немересі:

- Әкем атамыз майданға кеткенде 3 жаста болған. Соғыстан оралмаған атамызды өмірінің соңына дейін іздеп өтті. Сөйтсек, атамыз қатысқан соңғы шайқас «Марс операциясы» деген атаумен құпия сақталып келіпті. Себебі онда адам шығыны көп болған, соның ішінде қазақтар көп қаза тапқан. Атамыз жерленген бауырластар зиратын енді таптық.

Осы бауырластар зиратында он мыңнан астам жауынгер жерленген. Соның жартысынан астамы – қазақтар. Кейбірінің шайқас алдында түскен суреті қазір жергілікті мұражайда тұр.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов