Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы Шемонаиха ауданында нан бағасын ұстап тұру туралы шешім қабылданды

Шемонаиха ауданының өзіне 500 тоннадан астам арзандатылған ұн жеткізіледі. Облыстық азық-түлік корпорациясы наубайханаларды ай сайын және жарты жыл бойы шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұның бәрі арнайы меморандум аясында жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде нан бағасын тұрақтандыруға жағдай қарастырылғанын айтқан. Бұл мақсатта қордан әлеуметтік ұн өндірісіне қажет көлемде 275 мың тонна бидай бөлінеді.

Шемонаиха ауданында түнімен пісірілген нан түс ауа сатылып кетеді. Себебі бағасы қолжетімді. Бір бөлкесі 95 теңге. Ал жоғары сұрыпты ұннан пісірілетін ас атасы бұдан екі есе қымбат. Саланың ұтымды тұстарына көз жеткізген Валерий Евсеев кәсібін әлеуметтік салаға бағыттады. Наубайханашы арзан әрі сұранысқа ие өнімді көптеп дайындауды көздейді.

Валерий Евсеев, Наубайханашы:

- Әлеуметтік нанның сапасы жақсы. Сұраныс бар. Мысалы, қаңтар айында ұнның келісі 120 теңге болғанда күніне 30 бөлкеден артық сатпайтынбыз. Ал қазір сөрелерден бір күнде 900 бөлкені алып кетеді.

Шемонаихада бірінші сұрыпты ұнның көтерме бағасы 180-190 теңге шамасында. Оған тағы жол шығынының 10% құнын қосыңыз. Ал жоғары сұрыпты ұнның келісі 200 теңгеден басталады. Демек, шикізаттың нарықтағы құнын бағамдай отырып әлеуметтік нанды пісірген әлдеқайда тиімді. Оның өзіндік құнының төмен болуы кәсіпкерлер үшін бизнесті сақтап, тұрақты табысқа кенелудің бір жолы саналады. Полина Висмер жыл басында бірқатар мемлекеттік мекемемен келісімшартқа отырды. Олар нанды 115 теңгеден сатуға келіскен. Алайда ақпан айында ұн 20% қымбаттады.

Полина Висмер, кәсіпкер:

- 115 теңгенің нанын пісіреміз деп тендерді ұтып алдық. Қазір логистиканы есепке алғанда ұн 180 теңгеге шарықтап кетті. Енді алдын ала жасалған келісімге сәйкес бұл баға бізге тиімсіз.

Енді Полина Висмермен қоса тағы көрші үш наубайхана арзандатылған жүздеген тонна ұнға ие болады. Келісім бойынша оларға тек әлеуметтік нан пісіруге рұқсат. 

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда төрт кәсіпкеріміз келісімшартқа отырды. Барлығы 500 тоннадай ұн алуды жоспарлап отырмыз. Бұл алған ұнды нан пісіру орындарына бағаны тұрақтандыру мақсатында сапалы, жақсы нан пісіріп сатуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік нанның бағасы әр өңірде әрқалай. Ал жоғары сұрыпты нанның құнын ірі сауда диллерлері өздері реттейді. Десе де қазіргідей бидай құнының тұрақсыздығына қарамастан, әлеуметтік нан бағасы халық үшін әркез қолжетімді болып қала береді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Дмитрий Пыхтин