Хабар телеарнасы

Қызылорда облысындағы жалғыз құс фермасы жабылып қалуы мүмкін

Басты себеп – құс жемінің қымбаттауы. Ал шағын құс фермаларына мемлекеттен ешқандай қолдау көрсетілмеген.

Қызылорда облысындағы жұмыртқа өндіретін жалғыз цех 2017 жылы іске қосылған. Бүгінде мұнда 20 мың құс бар. Жылына 7 млн дана жұмыртқаны сауда сөрелеріне шығарады. Алайда құс фермасының соңғы 3 жылда табысынан шығыны көбейіп кеткен. Өйткені қажет жем мен дәрумендердің бағасы 4 есе қымбаттап отыр. «Мемлекеттен қолдау болмаса, өндірісті тоқтатуға мәжбүр боламыз», – дейді кәсіпкер.

Насырбек Мырзабеков, кәсіпкер:

- Кішігірім шаруашылық, 6-7 млн ғана жұмыртқа өндіреміз. Субсидияның нормативі бойынша жылына 20 млн данадан асыра өндіру керек, сонда Үкімет тарапынан әр жұмыртқаға 3 теңгеден субсидия беріледі. Енді не болатынын білмеймін. Жергілікті жерден немесе Үкімет тарапынан қолдау болмаса, фермамыз жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Жергілікті билік: «Құс фермасының тұралап қалмауы үшін қолдан келген көмекті жасадық», – дейді. Тіпті қажет дәнді-дақылдарды егу  үшін 150 гектардай егіндік жер берген.

Ерлан Меңлібеков, Шиелі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- 2026 жылға дейін Бестам ауылдық округінен 64 және 40 гектар егістікке қолайлы жүргізетін жер табысталды. Жұмыртқаға қажет дәрумендерді егіп алу мақсатында берілген болатын. Сонымен қатар Телкөл ауылдық округіндегі 45 гектар суармалы егістіктен қосымша жер алды.

Бірнеше жыл бұрын Қызылорда қаласы маңында осындай шағын құс фермасы ашылып, көп ұзамай қайта жабылған болатын. Шиелідегі жұмыртқа өндірісі де соның кейпін киюі мүмкін бе? Бұл сауалды жауапты орган мамандарына қойғанбыз. Олар бұл мәселеге қатысты министрлікке жолдаған ұсыныс оң шешімін тапқанын айтты.   

Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары

- Бүгін ғана хабарын білдік. Біздің ұсынысқа сәйкес, 5 млн-нан артық жұмыртқа өндіретін шаруашылықтардың бәріне данасына 3 теңгеден субсидия беру жөнінде шешім қабылданды. Қағидаға өзгеріс енгізу мәселесі бойынша министрлік бізді қолдады.  

Мамандардың сөзінше, жылына 5 млн дана жұмыртқа өндіретін шағын шаруашылықтарға да субсидия берілетін күн алыс емес. Бұл қолдау арқылы өңірде құс шаруашылығы дамиды деген болжам бар.

Айта кетейік, жыл соңына дейін Қармақшы және Жаңақорған аудандарынан жылына 1,5 және 3,5 тонна құс етін өндіретін екі фабрика іске қосылады деп жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов